9 млрд теңге ұрлаған: Әблязовтың тағы бір сыбайласы Қазақстанға қайтарылды
2011 жылдан бері ол Қытайда тығылып жүрген

Мұхтар Әблязовтың тағы бір сыбайласы халықаралық іздестіруден елге қайтарылды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі хабарлады.
«БТА-Банк» АҚ бұрынғы топ-менеджментіне қатысты қылмыстық іс бойынша 2011 жылдан бастап іздеуде «Жаңа Қалқаман» ЖШС атаулы директоры Пак Виталий Леонидович болды.
2006-2008 жылдар кезеңінде осы компанияны заңсыз несиелеу арқылы Мұхтар Әблязов пен оның сыбайластары 8,9 млрд. теңгеден астам сомаға ақшалай қаражатты ұрлады.
«2019 жылы Пак ҚХР (Чэнду қ.) аумағында анықталды. Күдіктінің жақын туыстарымен және адвокатымен тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілгеннен кейін, Пак Қазақстанға оралуға ниет білдіріп, ол туралы жазбаша өтініш жолдады», - делінген хабарламада.
Осы жылдың 27 тамызында ҚР ІІМ Интерполдың көмегімен Пак Чэнду қаласынан Алматы қаласына келіп, тергеу изоляторына қамалды.
Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.