СҚО-да тас жолда 7 бұзау жүк көлігінің астында қалды
Оқиға түн ортасында болған
СҚО-да тас жолда 7 бұзау жүк көлігінің астында қалды. Жол апаты «Челябі-Новосібір» автожолының 568 шақырымында Аққайың ауданындағы Тоқшын ауылының бұрылысына жақын жерде тіркелді. Петропавл қаласының 69 жастағы тұрғыны астық тасымалдайтын тіркемесі бар «МАЗ» автокөлігін жүргізіп келе жатып, кенеттен тас жолда жүрген 7 бұзауды қағып кетті. Оқиға түн ортасында болған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі СҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Барлық жануарлар апат орнында шығын болды. Машинаға механикалық зақым келді. Материалдық залалдың нақты сомасы анықталып жатыр. Полицейлер мал иесін, Қызылжар ауданының 57 жастағы тұрғынын анықтады. Оған қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 408-бабы «Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бұзу» бойынша хаттама толтырылды.
«Облыс тұрғындарынан малды мұқият бақылауды сұраймыз. Жолда қаңғыбас жануарлардың пайда болуы қайғылы салдармен жол-көлік оқиғасын тудыруы мүмкін, сонымен қатар олар мал ұрлығы үшін оңай олжа болуы да ықтимал. Облыста еркін жайылымға жол бермеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жыл басынан бері полиция қызметкерлері қаңғыбас малды арнайы вагондарға 3008 рет жеткізді. Облыста осындай арнайы 230 орын бар. Бұдан бөлек, облыс жолдарында жануарлардың макеттері орнатылды. Ол да жол көлік оқиғасының алдын алуға септігін тигізеді», - деді СҚО ПД ЖПҚ басқармасының бастығы полиция полковнигі Айдын Байматов.
Тәртіп сақшылары жүргізушілерге тәуліктің қараңғы кезінде, жаңбырда, әсіресе жүк тиелген көлікті басқарған кезде аса сақ болуды ескертеді. Елдімекендерге жақын жерлерде, орман жолға жақын жерлерде жылдамдықты азайтып, жол белгілеріне назар аудару қажет. Жол үстіндегі малды көліктердің қағып кетуі СҚО-да жиі болатын оқиғалардың бірі.