Кәріс баланы қағып кеткен 20 жастағы қазақстандық әлі бостандықта – СІМ
Қыркүйектің ортасында Корея Республикасында көлігімен кішкентай баланы қағып кеткен қазақстандық ұшақпен елге қашып келген. Бұл туралы бүгін ҚР Сыртқы істер министрінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлім етті.
Жол апатынан кейін 1999 жылы туған Қазақстан азаматы ұшаққа билет алып, елге қашып кеткен. Корея елінің құқық қорғау органдары оның қайда екенін анықтап, Қазақстанға ресми хат жолдаған.
«Ол адам Қазақстан Республикасының аумағында жүр. Корея тарапы оған қатысты құжаттарды жіберді. Біз (Сыртқы істер министрлігі - агенттік) ол құжаттарды Бас прокуратураға жібердік. Осы жол апатына қатысты сұрақты енді екі елдің құқық қорғау органдары шешеді», - дейді Айбек Смадияров.
Баланы қағып, оқиға орнын тастап қашқан жігіт қазір бостандықта, Павлодар қаласында тұрып жатыр. Павлодардың жергілікті құқық қорғау органдары оны тауып, сөйлескен. Әзірге, оған қатысты бұлтартпау шарасы қолданылмаған. Ресми өкіл бұны қылмыстың Қазақстан аумағында жасалмағанымен түсіндірді. Бүгін бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары осы жол апатынан кейін Оңтүстік Корея шетелдік азаматтар үшін виза ережелерін қатаңтадаты деп жазған еді. Айбек Смадияров Корея тарапы әзірге ешқандай ресми құжат жіберген жоқ дейді.
«Ол туралы Корея тарапынан ресми түрде хабарлама келген жоқ. Сондықтан ешқандай да пікір бере алмаймыз. Ол мәлімет Корея республикасының БАҚ-тарында жарияланған. Біз оны оқып, көрдік. Елшілік біледі. Біз де білеміз. Бірақ, рас болса, міндетті түрде Корея тарапынан хабарлама келіп түседі», - дейді ол.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан