ШҚО-ның Күршім ауданында орман қызыл жалынға оранды
Облыста қазір Алтай ауданында да құтқарушылар өртпен күресіп жатыр
ШҚО-ның Күршім ауданында орман қызыл жалынға оранды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Атап айтқанда, Марқакөл орман шаруашылығы, Бобровка орманшылығы және Төсқайың ауылдық округі аумағында шөп пен бұта, ағаш жанып жатыр. Өрттің алдын ала аумағы 300 гектар құрайды.
Төсқайың ауылы оқиға орнынан 10 шақырым жерде орналасқан. Мамандар елдімекенге төнген қауіп жоқ деп отыр. Өртті сөндіруге 114 адам мен 17 техника жұмылдырылды. Өскеменнен тағы 46 адам мен 6 техника аттанды. Жер бедерінің қиындығынан тілсіз жауды жаяу және атпен сөндіруге ғана мүмкіндік бар. Сондай-ақ, МИ-2 тікұшақтары мен Еурокоптер іске қосылды.
Облыста қазір Алтай ауданында да құтқарушылар қызыл жалынмен күресіп жатыр. Онда өрт аумағы 400 гектар аумақты шарпыды.