Шымкентте мектеп қызметкері 200 ноутбукті құмар ойынға тігіп жіберген
Ол мемлекет мүлкін талан-таражға салғаны үшін 7,5 жылға сотталды

Шымкентте мектептің IT маманы құмар ойында ұтылып қалған қарызын өтеу үшін 200 ноутбукті ұрлап кеткен, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Оtyrar.kz жазуынша, биылғы мамыр айында мектеп мүлкіне толық түгендеу жүргізіліп, соның нәтижесінде 200-ден астам ноутбуктің жоқ екені анықталған.
№77 орта мектепте жұмыс істейтін ер адам өз әрекетін індет кезінде жүзеге асырған. Білім мекемесінің директоры 28 жастағы қызметкердің бір жыл бұрын жұмысқа орналасқанын айтады. Ал өткен жылдың қаңтар айынан бері ол 35 миллион теңгеден астам ақшаның мүлкін тонап үлгерген.
«Пандемия кезінде біз ата-аналарға компьютерлер бердік, содан кейін олар мектепке қайтарылды. 2022 жылдың мамыр айында ноутбуктердің тиісті саны жетпей тұрғаны белгілі болды», – дейді №77 мектеп директоры Толқын Аюбаева.
Белгілі болғандай, ІТ-маман мемлекет мүлкін алыпсатарларға берген. Ал ақшаны букмекерлік кеңсеге жұмсаған. Мектеп қызметкері мемлекет мүлкін талан-таражға салғаны үшін 7,5 жылға сотталды. Сонымен қатар ол талап арыз бойынша көрсетілген 35 миллион теңгеден астам соманы мектепке төлеуге келіскен.
«Сот сотталушының кінәсін дәлелденді деп танып, аса ірі көлемдегі шығынды ескере отырып, оны 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды. Сотта ол өз кінәсін толық мойындады. Сондай-ақ енді ол 10 жылға білім саласында белгілі бір қызметтерді атқару құқығынан айырылды», - деді Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық сотының төрағасы Төлебұлан Төлешов.