Атышулы «Гарант 24 ломбард», « ЕSTATE ломбард» және «Пайдалы несие» ісі бойынша сот үкімі шықты
Жанболат Есіркепов ең максималды жаза - 18 жылға бас бостандығынан айырылды
Ақтөбеде атышулы «Гарант 24 ломбард», «Пайдалы несие» және «ЕSTATE ломбард» қаржы пирамидаларына қатысты сот үкімі шықты. 48 айыпталушы 7 жылдан 18 жылға дейін бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі Nur.kz-ке сілтеме жасап.
Ақтөбе облысының тумасы Жанболат Есіркепов ең максималды жаза - 18 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сот үкімі КА-168/3 (қоныс-колония) мекемесінің спорт залында оқылды.
Үкімді жариялаған кезде сот залында отырған әйелдердің бірінің жағдайы нашарлап, дәрігерлер бригадасы шақыртылды.
Судья сотталушыларды жазалау туралы үкімнің бір бөлігін ғана жариялады. Алдағы мерекеден кейін заттай айғақтар мен жәбірленушілердің талаптарын шешуге қатысты үкім оқылады.
Еске салайық, 2020 жылдың ақпан айында алдымен Ақтөбеде, кейін Қазақстанның басқа аймақтарындағы ұйымдарда тінту жұмыстары жүргізілген болатын. Кейін полицейлер «Гарант 24 ломбард», «Пайдалы несие», «ЕSTATE ломбард» қаржы пирамидалары болып, олар заңсыз әрекетпен айналысқан деп хабарлады.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, осы іс бойынша 17 мың адам аталған ұйымдардың құрбаны деп танылды, келтірілген шығын 30 миллиард теңгені құрады. Айыпталушылар тізімінде 48 адам болған.
Қаржы пирамидаларына қатысты ірі іс бойынша сот өткен жылдың жазында Ақтөбеде басталған.