Павлодар облысында жаяу жүргіншіні көлік қағып, мерт болды
Облыс аумағында жыл басынан бері жол-көлік оқиғасы салдарынан 44 адам қаза тапты
Павлодар ауданында жаяу жүргіншіні көлік қағып, мерт болды. Жол-көлік оқиғасы Омбы - Майқапшағай автожолының 453 шақырымында болған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 22 тамыз күні сағат 22:00 шамасында Қаратоғай ауылының маңында «Chevrolet Aveo» маркалы автокөлігінің 56 жастағы жүргізушісі жолдың жүру бөлігімен ілеспе бағытта келе жатқан жаяу жүргіншіні қағып кеткен.
«Жол апаты салдарынан жаяу жүргінші алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды. Сараптама тағайындалды. Тексеру жүргізілуде. Автокөлік арнайы айып тұрағына қойылды», - дейді департаментте.
Айта кетерлігі, биылғы жылдың басынан бері Павлодар облысы аумағында 263 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан 44 адам қаза тапты, 403 азамат жарақат алды.
Тәртіп сақшылары 80 108 жол ережесін бұзу фактісінің жолын кесті.