Желіде Нұр-Сұлтандағы бас мешітте билеп жүрген бойжеткеннің видеосы тарады
Мешіт өкілдері оқиғаға қатысты әзірге түсініктеме берген жоқ
Әлеуметтік желіде Нұр-Сұлтандағы бас мешітте айқайлай ән салып, жұлқына билеп жүрген бойжеткеннің видеосы тарады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Бейнекадрлардан мешітке келген ондаған адамның алдына шығып алып, барынша көзге түсуге тырысып ән салып, жүгіре билеп жүрген қызды көруге болады. Келушілердің бірі бойжеткеннің бұл қылығына шошына қараса, енді бірі ашулана теріс қарап тұр.
Мешіт қызметкерлері бойжеткенге жақындап, оны тоқтатпақ болғанымен, қыздың олардан қашып, қайтадан биге басып жатқанын көруге болады.
Бейнеролик желі қолданушыларының түрлі реакциясын туғызып жатыр. Пікір білдірушілердің бір бөлігі бойжеткеннің қылығына ашуланып, оған шара қолдануды сұраса, кейбіреуі «көптен күткен жақсы хабарға қуанған шығар» деп, оны ақтауға тырысқан.
Дегенмен мешіт өкілдері оқиғаға қатысты әзірге түсініктеме берген жоқ.