Қарағандыда 3,5 млн теңгенің дизель отынын ұрлағандарға сот үкімі шықты
Ұрлыққа қатысы бар 9 қызметкер жұмыстан босатылды
Қаржылық мониторинг агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті «Қазақстан темір жолы» АҚ филиалының қызметкерлерінің дизель отынын ұрлау схемасын анықтады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Ведомство мәлім еткендей, азамат Елубайұлына қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқталды. Ол 2021-2022 жылдары локомотив депосының машинистерінен дизель отынын сатып алып, Жаңаарқа ауданы және Жаңаарқа кентінде өткізу үшін сертификатталмаған екі цистернада сақтаған.
«Тексеру барысында жер асты цистерналарынан жалпы құны 3,5 млн теңгеден асатын құжаты жоқ 15 тоннадан астам дизель отыны табылды. Тергеу кезінде «ҚТЖ» АҚ филиалы қызметкерлерінің қатысуымен дизель отынын ұрлау схемасы анықталды. Ұрлыққа қатысы бар 9 қызметкер жұмыстан босатылды», - делінген агенттік хабарламасында.
Сот үкімімен Елубайұлы Ө. кінәлі деп танылып, 1,5 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді.
Қаржылық мониторинг агенттігі мұнай және мұнай өнімдерін заңсыз тасымалдау, сатып алу, сату және сақтау фактілері анықталған жағдайда, агенттіктің сенім телефондарына және ҚМА аумақтық департаменттеріне хабарласуды сұрайды.