Қаңтар оқиғасында 238 адам көз жұмды: Бас прокуратура тергеу нәтижелерін мәлімдеді
Қылмыскерлер айғақтарды жасыру үшін әскери қызметшінің денесін өртеп жіберген
Бас прокуратура қаңтар оқиғаларының тергеу нәтижелерін жариялау бойынша жұмысын жалғастыруда. Бас прокуратураның қылмыстық қудалау қызметі бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында жаңа деректерді мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы, Шымкент қалаларында, Ақтөбе, Атырау, Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарында қылмыскерлер қару қолдану арқылы стратегиялық мемлекеттік және азаматтық объектілерді мақсатты түрде басып алып қиратқан. Оның ішінде әкімдіктер, аэропорттар, полицияның ғимараттары, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаменті, телевидение және байланыс, сондай-ақ сауда үйлері, қару дүкендері және азаматтардың мүліктері бар.
Демонстрация кезінде ұрып-соғулар, тонаулар және адам өлтіру әрекеттері кеңінен қолданылды.
«Бұл әрекеттердің мақсаты көшелерде үрей туғызу, қылмыскерлердің жолында болған адамдарды қорқыту, жалған ақпарат тарату арқылы елдегі жағдайдың тұрақсыздануына қол жеткізу болды. Оған қатысушылар полиция қызметкерлеріне, әскерилерге және қарапайым адамдарға шабуыл жасады, жолдардың жүру бөлігін жауып тастап, көлік құралдарын өртеді, азаматтарды қорқыту арқылы жаппай тәртіпсіздіктерге қатысуға шақырды, тонаулар, ұрлық және зорлық-зомбылықты жасады», - деді Елдос Қилымжанов.
Қылмыскерлер қару дүкендерін тонап, ұрланған қарулардың көмегімен бейнежазба камераларын жойған. Нәтижесінде 100 млрд теңгеден астам сомаға залал келтірілді, оның ішінде бизнес субъектілері 92 млрд теңге шығынға батты. Жүздеген ғимараттар мен көлік құралдары өртенді.
ҚЫЛМЫСКЕРЛЕР АЙҒАҚТАРДЫ ЖАСЫРУ ҮШІН ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТШІНІҢ ДЕНЕСІН ӨРТЕП ЖІБЕРГЕН
Сондай-ақ, жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырудағы қылмыстық әрекеттер адам өлімдеріне әкеп соқты. Қаңтар оқиғасы салдарынан 238 адам көз жұмды. Олардың ішінде қылмыскерлер, әрі кінәсіз адамдар да бар. Бүгінгі күні 176 адамның қаза болу мән-жайлары анықталды және тергеу жалғасуда. Оның ішінде Алматы қаласы, Алматы, Жамбыл және Қызылорда облыстарында қаза болған 19 құрылымдық күш қызметкерлері бар.
«Қазіргі уақытта «Қайғылы қаңтар» кезінде адамдардың қаза болу фактілерімен құқық қорғау органдарымен 200-ден астам қылмыстық іс тергелуде. Барлық осы жағдайлар бойынша нақты мән-жайларды анықтау жөнінде кешенді шаралар қабылданды. Бұл – күрделі және уақытты қажет ететін ұзақ процесс. Қолда бар бейнежазбалар бойынша оларды сәйкестендіруге бағытталған ауқымды және жан-жақты жұмыстар жүргізілуде. Куә болуы мүмкін 10 мыңнан астам азаматтан жауап алынды. Сонымен бірге қылмыстық істер шеңберінде мыңдаған күрделі сот сараптамалары жүргізілді», - деді спикер.
Құрылымдық күш қызметкерлері қоғамдық тәртіп пен мемлекеттік объектілерді қорғау кезінде өз қызметтік міндеттерін орындауда қаза тапты, ал кейбіреулері жаппай ұрып-соғуларға тап болды.
«Мәселен, Алматы қаласы әкімдігінің ғимаратын күзетуге қатысқан, қарусыз әскери қызметші подполковник Хаировтың өлімі кезінде ерекше қатыгездік көрініс тапты. Оның мәйіті ғимараттың шатырында анықталды. Зорлық-зомбылықпен өлтіруден кейін, қылмыскерлер айғақтарды жасыру үшін денесін өртеп жіберген. 39 жастағы офицердің отбасы мен кәмелетке толмаған екі баласы қалды», - деді Бас прокуратураның қылмыстық қудалау қызметі бастығының орынбасары.
Алматы, Қызылорда, Тараз, Шымкент және Атырау қалаларында әкімдік, полиция, Президент резиденциясы, телемұнара ғимараттарына, дүкендер мен өзге де объектілерге қарулы шабуыл жасау кезінде 92 адам қаза тапты.
«Қоғамдық қауіпсіздікті, құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуді бұғаттау мақсатында және жауынгерлік қаруды ұрлауға ұмтыла отырып, олар полиция органдары мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ғимараттарына ұйымдасқан және жақсы жоспарланған шабуылдар жасады. Олар өз іс-әрекеттерін еш нарсемен тоқтатпай, мемлекеттік және жеке мүліктерді жойып, құқық қорғау қызметкерлерін де, қарапайым азаматтарды да өлтірумен қорқытты», - деді Қилымжанов.
ПОЛИЦИЯ ҒИМАРАТЫН ҚОРШАУ БІР ТӘУЛІКТЕН АСТАМ УАҚЫТҚА СОЗЫЛДЫ
Елдос Қилымжановтың айтуынша, 5 қаңтар күні күндіз қарулы шабуылдаушылар Алматы қаласы полициясының аудандық басқармаларын басып алуға әрекет еткен.
«Сол күні кешке қарулы шабуылдаушылар қалалық Полиция департаменті ғимаратының өзіне шабуыл жасады. Дегенмен, оларға қатаң тойтарыс берілді. Ауыр қаруланған қылмыскерлер әр түрлі бағыттан үздіксіз шабуылдарды ұйымдастырып, атыс қаруы мен жарылғыш заттарды қолданды. Полиция ғимаратын қоршау бір тәуліктен астам уақытқа созылды. Қалалық әкімдік ғимаратын басып алып, өртегеннен кейін қылмыскерлер Резиденцияға қарай бет алды. Резиденцияға шабуыл кезінде қауіпсіздік қызметкерлерінің ескертуіне қарамастан, қылмыскерлер оларға атыс қаруын қолдану қаупін білсе де, ғимараттарға шабуыл жасауға барды. Шабуыл кезінде олармен қару-жарақ дүкендерінен ұрланған қарулар және басып алынған арнайы техникалар қолданылды», - деді Қылмыстық қудалау қызметі бастығының орынбасары.
Әкімдікке шабуыл жасау кезінде қылмыскерлер тұтқынға алынған әскери қызметкерлерді қалқан ретінде пайдаланған. Сол күні Қызылорда облысында жергілікті полиция ғимаратына шабуыл жасалды.
«Қылмыскерлер жүк көлігімен ғимараттың қақпасын бұзып, шабуыл жасады, бақылау-өткізу пунктін өртеп, жедел басқару орталығының камералары мен патрульдік автокөліктерін жойған. Нәтижесінде 6 құқық қорғау қызметкері ауыр жарақат алды. Осыған байланысты полиция заңды түрде жауапты оқ атуға мәжбүр болды. Барлық шабуылдау фактілері және оған қатысқан адамдар бойынша олардың аталған қылмыстарға қатыстылығы жөнінде дәлелдемелер бар. Қылмыстық істердің тергеу барысында әрбір өңір бойынша қаза болған туыстарына жеке-жеке бұл дәлелдемелер ұсынылуда», - деп нақтылады Қилымжанов.
Ұрланған қару-жарақтың үштен бірі табылды, қалғандары қылмыскерлердің қолында.
Құқық қорғау органдары ғимараттарына шабуылдау нәтижесінде 1 259 табельдік қару ұрланды, оның ішінде автоматтар, тапаншалар мен гранатометтар болды. Алматы облысында Полиция департаменті ғимаратынан 53 автомат, 367 тапанша, 1 гранатомет, сондай-ақ 23 мыңнан астам патрон ұрланды. Жамбыл облысында 200 автомат, 148 тапанша, 11 гранатомет, бір пулемет және 40 мыңға жуық патрон қолды болды.
«Резиденцияда қиратулардан кейін 130 дана қару мен оқ-дәрілердің жетіспеушілігі анықталды, оның ішінде 80 граната, 17 тапанша, 11 автомат, 21 гранатомет және снайпер мылтығы бар. Барлық бұл фактілер бойынша тергеп-тексерулер жүруде. Ұдайы қару-жарақ қоймалары табылып, оларға қатысы бар адамдар анықталуда. Қазіргі уақытта 481 бірлік қару табылды. Бұл барлық ұрланған қарудың үштен бірі. Қалғандары қылмыскерлердің қолында.
Бұдан бөлек, жекелеген азаматтар қауіпсіздік шараларын елемей, Төтенше жағдай режимін бұза отырып, қарулы шабуылдар жасалған орындарда болған. Бас прокуратураның мәліметінше, сол уақытта қылмыскерлер негізінде тұрғын үйлердің ауласында тығылып, кенеттен қарулы шабуылдар жасаған. Терроризмге қарсы операция жүргізу барысында кей азаматтар оқ жарақаттарын алған.
«Бірнеше азамат түрлі бизнес объектілерінен тонаулар мен ұрлық жасау кезінде қаза болған. Мысалы, Алматы тұрғыны жанар-жағармай құю бекетінен жанармайды ұрлау кезінде отты абайсызда қолдану салдарынан өзін-өзі өртеп қаза болды. Сол қалада жергілікті тұрғын «МИГ» айырбастау пунктін қарулы тонау кезінде жеке күзет ұйымының қызметкерлерімен қарсылық көрсету барысында өлтірілді», - деді Қылмыстық қудалау қызметі бастығының орынбасары.
ҚАЗІРГІ УАҚЫТТА 292 КҮДІКТІ АДАМ ҚАМАУДА
Құқық қорғау қызметкерлерінің рұқсат етілмеген жауап алу әдістерін қолдану салдарынан күдікті 6 адам қаза болғаны тергеу барысында анықталды.
«Бұл фактілердің барлығы арнайы прокурорлармен жан-жақты тергелуде, 15 құрылымдық күш қызметкерлері күдікті ретінде танылды, оларға түрлі бұлтартпау шаралары таңдалды. Сонымен бірге, Талдықорған қаласындағы блокпостарда және әскери бөлімнің жанында, сондай-ақ Алматы қаласындағы алаңда жекелеген азаматтардың қаза болуына әкеп соққан, өз өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны үшін бірқатар әскери қызметкерлер қылмыстық жауаптылыққа тартылуда», - деді Елдос Қилымжанов.
Жалпы еліміз бойынша тергеу органдары 5 300-ден астам қылмыстық істі тіркеді. Олардың басым көпшілігі – ұрлық, тонау, қару сақтау және өзге де қылмыстар. Тергеу амалдарын жүргізу үшін барлығы 1 237 күдікті адам қамауға алынғаны белгілі болды.
«Жеке бастарын, денсаулық жағдайын және сипаттайтын материалдарды ескеріп, 284 адамның қамауға алынуы ешқайда кетпеу туралы қолхатқа, кепіл, үйқамаққа және жеке кепілгерлікке ауыстырылды. 955 күдікті адам сотқа беріліп, түрлі жазаларға 834 адам сотталды, оның ішінде 636-сы бас бостандығынан айыруға байланысты емес. Қазіргі уақытта 292 күдікті адам қамауда. Олардың қиратуларға, ғимараттарды өртеуде, қаруларды жымқыруда, мемлекеттік объектілерге және құқық қорғау органдары қызметкерлеріне қарулы шабуыл жасауда және басқа да қылмыстарға белсенді түрде қатысқандығы туралы тергеуде жеткілікті мәліметтер бар», - деді Елдос Қилымжанов.