Ақтөбеде қызын зорлаған адам 19 жылға сотталды
Ол қылмыс жасағаннан кейін оқиға орнынан қашып кеткен

Ақтөбеде кәмелет жасқа толмаған қызын зорлаған ер адамға қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы «НеМолчиKZ» қорының төрайымы Дина Таңсәрі Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Қоғам белсендісінің айтуынша, Ермек А. 2019 жылы ақпанда кәмелетке толмаған қызын зорлаған. Ол ауыр қылмыс жасағаннан кейін оқиға орнынан қашып кеткен.
«Облыстық сот мәліметінше, қылмыстық сот ісі алқабилердің қатысуымен өткен. Сот үкімімен ол кәмелетке толмағандарды азғындау және зорлау бойынша кінәлі деп танылып, 19 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қауіпсіздігі қатаң бақыланатын мекемеде өтейтін болады», - деп жазды Дина Таңсәрі.
Сондай-ақ, сотталушы жәбірленушінің заңды өкілінің пайдасына бес миллион теңге моральдық залал төлеуі тиіс. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Дина Таңсәрінің айтуынша, Алматының апелляциялық соты алты жасар өгей қызын зорлаған Ринат Тұсжановтың жазасын өзгертусіз қалдырған. Ол 17 жылға бас бостандығынан айырылды.