Ыстамбұлдағы әуе апаты: жарақат алған Қазақстанның екі азаматы да ауруханадан шықты
Екі азамат та ұшақ апатынан жеңіл жарақат алған

Кеше Измир - Ыстамбұл бағытында қатынайтын «Pegasus» әуе компаниясына тиесілі ұшақ ұшу-қону жолағынан шығып кетіп, апатқа ұшырады. Апат салдарынан әуе көлігі үшке бөлініп, бірнеше жолаушы зардап шекті. ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі жарақат алған жандардың ішінде Қазақстанның екі азаматы алғанын және олардың Ыстамбұл қаласындағы Фатих Сұлтан Мехмет ауруханасына жеткізілгенін хабарлаған. Олардың бірі алған жарақаты жеңіл деп ауруханаға жатудан бас тартса, екіншісі қысқа уақыт ем қабылдаған соң ауруханадан шығарылған.
«Түрік тарапының қазақстандық консулға берген ақпаратына сәйкес, жарақаттанған Қазақстан азаматтарының бірі жеңіл жарақат салдарынан ауруханаға жатудан бас тартып, дәрігерлер тексергеннен кейін ауруханадан жіберілді. Екінші азаматымыз да жеңіл жарақат алып, бүгін қысқа емдеуден кейін ауруханадан шығарылды», - деп хабарлайды СІМ баспасөз қызметі.
Соңғы мәліметтер бойынша, Ыстамбұлдағы ұшақ апатынан 3 адам қаза тауып, 157 адам әртүрлі жарақат алған.