Астанада полицейлерден қашқан жүргізуші ұсталды
Дүкеннен сыра алып, ақысын төлемей қашып кеткен
Нұр-Сұлтан қаласында «Тойота Камри» көлігі полицейлерден қашып, жұртты дүрліктірді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Бүгін сағат 12.35-те «102» арнасына дүкен иесінен екі ер адамның алған тауарының құнын төлемегені туралы хабарлама келіп түсті.
«Бірнеше минуттан кейін осыған ұқсас хабарлама басқа дүкеннен келді. Белгісіз екі адам дүкенге кіріп, екі шөлмек сыра алып, төлем жасаудан бас тартып, «Тойота Камри» автокөлігімен қашып кеткен.
Жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары бойынша автокөлік Қорғалжын тас жолында тіркелді. «Тойота Камри» жүргізушісі жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, полицейлердің заңды талаптарына бағынбады. Адам көп жүретін көшемен келе жатып, жүргізуші қарсы жолаққа бірнеше рет шығып, авариялық жағдай туғызған. Сол сияқты жол қозғалысының өзге де қатысушыларының өмірі мен денсаулығына қауіп төндіре отырып, бағдаршамның қызыл түсінен өтіп кеткен», - делінген хабарламада.
Мамандандырылған патрульдік полиция батальонының қызметкерлері қабылдаған шаралар арқылы 30 жастағы жүргізуші автокөлігімен бірге Шұбар шағын ауданда ұсталды. Сол сияқты көліктің салонында 33 жастағы тағы бір жолаушы болған.
Ол жеңіл дәрежедегі мас күйінде көлік жүргізген. Автокөлік қазір коммуналдық тұраққа қойылды.
Полиция департаменті оларға қандай жаза тағайындалатыны қарастырылып жатқанын мәлім етті.