Қостанайда екі күн бұрын жоғалып кеткен 5 жасар қызды іздеуге тікұшақ тартылды
Облыстық ПД басшысы іздеу жұмыстарының барысы туралы хабарлайтынын жеткізді

Қостанай облысында екі күн бұрын жоғалып кеткен 5 жасар қызды іздеу жұмыстары тікұшақтың көмегімен жүргізіліп жатыр. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің бастығы Ерлан Омарбеков мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Жамбыл ауылынан 5 жасар қыздың жоғалғаны туралы хабарлама түскен сәттен бастап, іздеу іс-шараларын ұйымдастыруды жеке өзім басқардым. Қазіргі уақытта оны іздеу тікұшақтың көмегімен жүргізілуде. Дәл осы уақытта біз қыздың анасымен бірге аумақты айналып өтудеміз. Іздеу операциясы қалай жүріп жатқаны туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлайды», - деп атап өтті Ерлан Омарбеков.
Ол сондай-ақ іздестіру іс-шараларының барысы туралы хабарлайтынын жеткізді.
Тақырыпқа орай: Қостанай облысында бес жасар қыз таңға жуық жоғалып кеткен
Еске салсақ, 2017 жылы туған Ерланқызы Мадина 7 тамыз күні таңға жуық үйінен шығып кеткен. Бала 18 және 13 жастағы әпкелерінің бақылауында болған. Қыздар таңертең оянғанда бүлдіршінді таппай қалған. Қыздың анасы полицияның көмегіне жүгінген.
Ата-анасы қызының аутизммен ауыратынын және сөйлей алмайтынын айтты.