Алматыда самокат тепкен бойжеткен көлікке соғылып көз жұмды

Azattyq Rýhy

Қазіргі кезде аталған дерекке қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр

Алматыда самокат тепкен бойжеткен көлікке соғылып көз жұмды
Көрнекі фото: nvdaily.ru

Алматыда самокат тепкен бойжеткен көліктің ашық терезесіне соғылып көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, қайғылы оқиға бүгін сағат 8:05 шамасында Марков көшесінің бойында болған.

«Nissan Patrol көлігінің жүргізушісі көлігін тоқтатып, есігін ашқан сәтте самокат теуіп келе жатқан 27 жастағы қыз жылдамдықты игере алмай, қатты екпінмен көлікке келіп соғылған. Оқиға салдарынан зардап шеккен бойжеткен орталық қалалық ауруханаға жеткізілгенімен, бірнеше сағаттан соң алған жарақатынан қайтыс болды», - делінген ПД хабарламасында.

Қазіргі кезде аталған дерекке қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Айта кетерлігі, осы жылдың алты айында мопед пен самокат тепкендерге қатысты 77 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 81 адам зардап шеккен, оның біреуі қайтыс болды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.