$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
05.02.2020, 10:56
Оқиғалар

«Кабинетінде карта ойнаған әкім» - видеоны түсірген ауыл имамының шындығы

Түркістан облысында кабинетінде карта ойнаған ауыл әкімін имам видеоға түсіріп, әлеуметтік желілерде таратқан

«Кабинетінде карта ойнаған әкім» - видеоны түсірген ауыл имамының шындығы
скриншот: youtube

Тәртіптік кеңес мүшелері Шардара ауданы Қауысбек Тұрысбеков ауылының әкімі Әлібек Сейдалиевті жұмыс орнында карта ойнағаны үшін қызметіне сай емес деп танып, аудан басшылығынан тәртіптік шара қолдануды сұраған.

Оқиға өткен жылдың күзінде, шамамен қараша айында болған екен. Жұмыс уақыты біткеннен кейін, кешкісін сағат 21:00-ден кейін лауазым иесі ауылдастарымен бірге әкімдік ғимаратында карта ойнаған. Ауыл әкімдігі ғимаратаның алдында көліктердің тұрғанын, ішінде адамдардың отырғанын байқаған ауыл имамы Сман Әбдіраманов ғимаратқа кіріп келеді. Сонда ауыл әкімінің өзі жақын араласатын такси жүргізушілерімен бірге карта ойнап отырғанын көріп, бейнекамерасына түсіріп алған.

«Мен тек имам емеспін. Қосымша егін егіп, диқаншылықпен айналысамын. Әкімшілікке су мәселесімен барамын, басқа жұмыспен барамын, бұл кісі үнемі басым ауырды, қан қысымым көтерілді деп, басын сипайды да отырады. Кейін ауылдағы бір-екі жігіттен сұрадым, бұл кісінің неге мазасы жоқ деп. Сөйтсем, бұл түнімен таксист достарын шақырып алып, карта ойнайды екен. Сосын кешкісін жұмыстарыммен әкімдік маңынан өтіп бара жатып, әлгілер айтқан кісілерді әкімдіктен байқадым. Кіріп, видеоға түсірдім. Басында әкімге 2-3 мәрте ескерттім. «Жабулы қазан жабулы күйінде қалсын. Айыбыңды ашпайын, бірақ ел үшін, халық үшін жұмыс істе» дедім. Ешқандай жұмыс та, нәтиже де болмады», - деп шағымданды имам.

Ал, ісі тәртіптік кеңесте қаралған әкім өз кінәсін мойындаған. Әкімдік ғимаратында тек бір рет карта ойнадым деп ақталыпты. Өзіне хабарласқанымызда, ешқандай құмар ойын ойнамағанын айтты.

«Мен солардың қасына отырып, «қойыңдар, тұрыңдар» деп айтып жатқан кезде түсіріп алған. Содан мен де ойнаған болып шықтым, қайтемін енді? Шындығы солай. Ол жерде ауылдың 3-4 үлкен азаматтары отырды. Сол жерде отырғаннан кейін мойындауға тура келді. Ал, жалпы 10 жылдан бері қан қысымым көтеріледі. Соңғы 3-4 жыл ішінде микроинсульт алдым, одан қантым көтеріліп кетті», - дейді Әлібек Сейдалиев.

7 мыңға жуық халқы бар Қауысбек Тұрысбеков ауыл округі тұрғындарының негізгі кәсібі егін мен мал шаруашылығы екен. Осы ауылда 2015 жылдан бері әкім болып қызмет етіп келе жатқан Әлібек Сейдалиев, ауылдағы халықты әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсы екенін айтып, бұрын тұрғындар тарапынан жұмысына арыз болмағанын жеткізді.

Бірақ ауыл имамы Сман Әбдірамановтың айтуынша, ауылда ағын су мәселесі өте өзекті екен. Көктем шықса, егістікке су жетпей қиналатын көрінеді. Дәрі мен суға берілетін субсидияны да ала алмай қалады екен. Елдімекен ішіндегі көшелердің де жағдайы нашар.

«Осы мәселелерді халық атынан әкімге айтатын адам қайда? Жиналыстарда айтайық десек, алдымызға ана ақсақалды салады, басқаны салады, аузымызды жабады. Қазынадан қаржы бөлініп, арнайы тақтайшаға көшелердің атын жазып шықты. Соның бәрін сындырып кетті. Өткенде жиында «учаскелік полицияға тапсырма беріңіз, осыларды қадағаласын» дедім. Оны сындырып жүрген осы ауылдың балалары. Ауылға жаны ашымайды», - деді Сман Әбдіраманов.

Ауыл имамының сөзіне сенсек, Әлібек Сейдалиев бұған дейін бір рет қызметінен қуылған екен. Айтуынша, ауылға аудан прокуроры келгенде, әкім де, орынбасары да жұмыс уақытында қызмет орнында болмаған. Нәтижесінде қызметінен айрылған. Дегенмен, сол оқиғадан кейін көп ұзамай қызметіне қайта оралған. Алайда, ол жағдай әкімге сабақ болмаған көрінеді.

«Естіген құлақта жазы жоқ» деген сөз бар. Әкіміміз картаны көп ойнайды деп естиміз. Мәселен, мекеме ішінде темекі шегуге болмайды. Өткенде аудан әкімі ауылға келіп, халықты қабылады. Алдына кіріп, барлық мәселені айттым. Аудан әкімі кете сала, бұл кісі әкімдіктің ішінде көпшіліктің көзінше шіреніп темекі шегіп тұр. Үлкенді сыйлау деген, кейінгіге үлгі болатын қасиеттер болу керек қой. Темекіні шегетін жерде тартса болады ғой. Оған қоса, мемлекет берген қызметтік машинаны баласы аударып тастады. Қойшы, баласы тыңдамай айдап кеткен болар деп үндемедік», - дейді ауыл имамы.

Әкімнің осындай оғаш қылықтарына қарны ашқан Сман Әбдірамановтың әлгі видеоны облыс әкімдігінің ресми сайтына жолдаған. Алайда, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің Түркістан облысындағы департамент қызметкерлері хабарласып, имамның бұл қылығын муфтиятқа жеткізетінін айтып сес көрсеткен. Ауыл имамы шыдамның да шегі болатынын, тәртіптік кеңес шығарған шешімге көңілі толмайтынын айтады.

«Себебі, ертең ауыл әкімдегіне бөлінген бюджет қаражатын Әлібек Сейдалиевтің картаға салып жібермесіне кім кепіл», - дейді имам.

Айта кетейік, кеше Түркістан облысы бойынша Әдеп жөніндегі кеңесте мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінің талаптарын сақтамағаны үшін ауыл әкіміне «қызметтіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жазаны қолдану туралы шешім қабылданып, ұсыныс Шардара ауданы әкіміне жолданды.

Арай Есенбек, Түркістан облысы

Серіктес жаңалықтары