«Тергеушілер істі алты ай бойы сотқа жолдамай отыр»: елордада күйеуі соққыға жыққан келіншек әділдікке жете алмай жүр

Оның енесі «Күйеуіңнен таяқ жеу, оған көну – әйелге үйреншікті жағдай, тек шыдау керек» деп ұғындырып келген

«Тергеушілер істі алты ай бойы сотқа жолдамай отыр»: елордада күйеуі соққыға жыққан келіншек әділдікке жете алмай жүр

Наурыз айында елордадағы тұрғын үйлердің біріндегі лифтіде күйеуі аяусыз соққыға жығып, барша қазақстандықтарды дүрліктірген Аружан Байметованың әділдікке жете алмай жүргеніне алты ай болды. Видеоайғақтар мен медициналық сараптама қорытындылары бола тұра Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданының тергеушілері істі әлі күнге дейін сотқа жолдамай отырған көрінеді.

Azattyq Ruhy тілшісімен кездескен Аружан тергеушілердің істі ұзаққа созуына лауазымды қызмет атқаратын енесінің беделі себепші болып отырғанын алға тартты.

«Әу баста менің басымдағы жағдай – дәл осылай ушығып, қоғам алдында ашық талқыланады деп ойлаған жоқпын. Алдымен полицияға арыздандым. Бірақ іс созылып, бір жақты қаралып, куәгерлер тіпті шақырылмай, бұрмалана бастады. Одан бері бірнеше медициналық сараптамадан өттім. Қолдағы бар айғақтар бола тұра Есіл аудандық полиция департаментінің тергеушілері алты ай болды істі сотқа жолдамай отыр. Лифтідегі видеода бәрі анық көрініп тұр, ауыр соққыдан соң денем төрт жерінен сынып, бас сүйегіме зақым келді. Бұдан артық тергеушілерге қандай дәлел қажет?! Неліктен тергеу ісі бұрмаланып, әділ жүргізілмей жатыр? Әйелін ұрып, тіпті өлтіретін адамға ең қатаң жаза тағайындалуы тиіс.

Менің моральдық және физикалық жағдайым әлі де қалыпқа келмеді. Тергеушілердің істі жылы жапқысы келіп жүргені одан сайын жаныма батады. Сонда лауазымды қызметте отыратын әке-шешесі барлар ойына келгенді істеп жүре бере ме? Заң қайда? Құқық қорғау қызметкерлерінің әділдігі қайда? Менің құқымды кім қорғайды? Мен сияқты мыңдаған қыз-келіншектің құқын кім қорғайды?!» - деді ашынған Аружан.

Аружанның сөзінше, күйеуі Елнұр Байметовтің аяусыз соққыға жығуы үйленгеннен кейін екі-үш айдан кейін басталған.

«Мен өзім үлкен әрі текті, бақуатты әулеттің қызымын. Елнұрмен танысқан соң, біз өзгелер сияқты қыз-жігіт болып қол ұстасып көп жүрген жоқпыз. Бастапқыда өзін жақсы етіп көрсетіп, әйел затына қол көтеретін жағымсыз жақтарын білдірген жоқ. Ол үйіндегілердің үйлен деп асықтырып жатқанын айтып, содан  салт-дәстүрімізге сай неке қиып, 2018 жылы тамыз айында ақ босаға аттадым. Қазан айынан бастап отбасылық кикілжің болып, оның оғаш әдеттерін, әдепсіздігін байқай бастадым. Ұрып-соғу да сол кезден басталды. Бірақ мен тәрбиелі, көргенді отбасыдан шыққан қызбын. Біз жанұямызда ата-апаларымыздың «Барған жеріңде тастай батып, судай сің» деген сөздерін естіп өстік. Қағида еттік. Сондықтан, таяқ жесем де ішімнен тынып, тыныш жүрдім. Жылап-жылап, шыдап жүрдім.

Себепсіз ұратын, басқа мәселеге бас қатырса немесе өзге достарына ашуланып тұрса да ақысын менен алатын. Оған ұрмашы деп айтуға қорқатынмын. Қарсы сөйлемек түгелі, бетіне қараудың өзі мен үшін үрей еді. Солай үнсіздікпен және таяқтың астындағы өмірім – тағдырыма айналып, жүре бердім. Сол арада балаларымыз да дүниеге келді. Кішкентай балапандарымыздың көз алдында төмпештеуді де бастады. Мені ғана емес, кішкентай балаларымызды да ұрып, ашулы кездері тіпті қабырғаға лақтырып жіберетін. Міне осыдан кейін мұндай қорлыққа төзу мүмкін еместігін түсіне бастадым. Ешқандай келіншек мен сияқты қорлыққа көніп, төзіп жүрмесін. Ең соңында зардап шегетін әйел және оның денсаулығы ғана», - деді кейіпкеріміз.

Аружанның енесі Гүлайым Шұңғараева – Шымкенттегі Отбасы, әйелдер мәселелері және балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестің төрайымы. Әйелдер құқын қорғаумен айналысатын төрайым журналистерге келіні мұндай қорлық көріп жүргенінен бейхабар екенін айтып, қысқа ғана қайырған. Аружан болса енесі бәрін білетінін жеткізді.

«Ылғи соққыға жығылып, өлермен хәлге түскен сайын полицияға немесе төркініме емес, енеме айтып жүрдім. Ол кісі менің денсаулығымды да тексерткен жоқ, керісінше «Шыдайсың! Отбасы болған соң, еркек болған соң ұрады» деп қоя салатын. Мен ит, мысық сияқты жануар емес, адаммын ғой! Сонда да маған жанашырлық танытып, баласына басу айтпаған анаға әлі күнге таңғаламын! Қазір менен бөлек, сол бүлдіршіндерімді де арнайы психолог мамандарға апарып, рухани емдеу қажет шығар. Қазір жылап отырсам, қасыма балаларым келіп қарап отырады, оларға да жаным ашиды. Жүрегім ауырады.

Маған енемнің өзі «Күйеуіңнен таяқ жеу, оған көну – әйелге үйреншікті жағдай, тек шыдау керек», деп ұғындырып келді. Өзі солай ойласа, бүкіл қоғамды қалай тәрбиелеп, қалай құқықтық кеңес беретінін түсінбеймін. Қайнатамның бөлек отбасы бар, оны біздің жағдайымыз аса қатты алаңдатпайды. Біздің өміріміз, жанымыз жауыз әрі қатыгез ата-енемізге, күйеуімізге қажет болмаса да өсіп келе жатқан балаларымызға қажет. Мен әділдік орнап, денсаулығымды, өмірімді құртқан адамның лайықты жазасын алуын сұраймын! Бұл іс ешкімнің лауазымына, атағына, танысына орай бұрмаланбаса екен деймін», - деп Аружан сөзін аяқтады.

Аталған іске қатысты  Azattyq Ruhy тілшісі Нұр-Сұлтан қаласы Есіл аудандық полиция департаментінің баспасөз қызметіне ресми сауал жолдады. Жауаптар қосымша жарияланады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Лифтіде күйеуі соққыға жыққан келіншек: 4 жылда көрмеген қорлығым жоқ

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.