Түркістан облысында 7 жастағы баланы зорлаған педофилге сот үкімі шықты
Үш баланың әкесі жазасын жеңілдетуді сұрағанымен, сот қаулысы өзгеріссіз қалдырылды
Түркістан облысында жеті жасар баланы зорлаған үш баланың әкесі жазасын жеңілдетуді сұрағанымен, сот оны 20 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі Оtyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Апелляциялық алқа сот шешімін әділ деп тауып, үкімді өзгеріссіз қалдырды.
Зорлықшының анасы оның бұл оқиғаға мүлдем қатысы жоқ екенін, қылмыс жасалған кезде үйде болғанын айтып, арызданған және істі қайта қарауды сұраған.
Сот ер адамды кінәлі деп тауып, 20 жылға бас бостандығынан айырды. Қаулы өзгеріссіз қалдырылып, заңды күшіне енді.
«Сот тергеуі барысында анықталғандай, Шұбарсу ауылында үйге бара жатқан ол Аламан көшесінің бойында ойнап жүрген баланы көреді. Ол балаға жақындап келіп, өз үйіндегі ұлымен бірге ойнауға шақырады. Сөйтіп, баланы алдап үйіне кіргізген. Үйге жете салысымен баланы етпетінен жатқызып, екі қолын жылу құбырына қойған соң, оның дәрменсіздігін пайдаланып, жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық жасаған», деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Істің мән-жайы жәбірленушінің, заңды өкілдің айғақтарымен, сараптамалардың қорытындыларымен және істің басқа материалдарымен расталады. Зорлаушы жазасын қатаң режимдегі колонияда өтейтін болады.