Қарағандыда мектептің төбесі опырылып ортасына түсті
Мектеп басшылығының айтуынша, шатырды күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары жоспарда болмаған
Қарағандыдағы №50 орта мектептің төбесі опырылып, ортасына түсті. Қазір мектептің спорт залынан аспанды көруге болады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Рatriot telegram арнасының жазуынша, оқыс оқиғадан зардап шеккендер болмаған.
«Егер мектептің шатыры оқу мезгілінде сыр бергенде, қайғылы жағдайдың болатыны анық еді», - делінген хабарламада.
Қалалық білім бөлімі мектептің ескі екенін, салынғанына 60 жыл болғанын айтады. Алайда мектеп басшылығының айтуынша, шатырды күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары жоспарда болмаған.
Құрылыс компаниясы екі аптадан бері спортзалдың ішінде жөндеу жұмыстарын жүргізіп, яғни қабырғаларды сырлап, төбені әктеп, еденді ауыстырып жатқан.
«Мектеп ғимаратында апат белгілері болған жоқ. Қабырғалардың жарылуы, іргетастың шөгуі байқалмаған», - дейді Қарағанды қаласының білім бөлімі өкілдері.
Бүгінде күтпеген күрделі жөндеуге байланысты мектеп әкімшілігі бюджеттен шұғыл түрде қаржы қарастырып жатыр.
Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін Қарағанды облысы әкімінің тапсырмасымен комиссия құрылды.