Жетісайлық полицейлер суға кеткен баланы құтқарып қалды (ВИДЕО)
Құтқарушылар балаға алғашқы медициналық көмек көрсетіп, мұздап қалған денесін жылытқан
Оқиға 2 ақпан күні шамамен сағат 16:50-де болған. Жетісай аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғындардың бірінен «жасөспірім бала суға ағып бара жатыр» деген хабарлама келіп түскен. Хабарламадан кейін полиция қызметкерлері қызметтік көлігімен оқиға орнына шұғыл жеткен. Жетісай аудандық полиция бөлімінің анықтаушысы, полиция капитаны Нұрымбетов Марат Рахметұлы бірден іске кірісіп, суға ағып бара жатқан 12 жастағы баланы жағаға алып шыққан.
«Полиция бөлімінен енді ғана шығып, көлігіме бара жатқан едім. Суға ағып бара жатқан бала жайлы хабарлама рация арқылы маған да жетті. Содан еш ойланбастан, қызметтік көліктің дабылын қосып, оқиға болған жаққа қарай бет алдық. Оқиға орнына жете салысымен киімімді шешіп, суға түстім. Ағып бара жатқан баланы құтқару үшін жылдам жүзіп, алдынан қарсы алуға тура келді. Баланы құтқардық, ең бастысы аман», - дейді Марат Рахметұлы.
фотода: баланы құтқарған полиция капитаны Марат Нұрымбетов
Полицейлер баланы қызметтік көлігіне салып, Жетісайдағы аудандық орталық ауруханаға жеткізген. Кеудесін қолмен басып, су жұтып қойға балаға алғашқы медициналық көмек көрсетілген. Суық судан мұздап қалған денесін жылытқан.
«Қазір баланың денсаулығына төніп тұрған қауіп жоқ. Басында жансақтау бөліміне жатқызылған еді, қазір палатаға ауыстырылды. Баланың ата-анасы ерлік жасаған полицейге шын көңілден алғысын айтып, ризашылығын білдірді», - деп хабарлады Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.