$ 510.78  576.06  6.35
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
03.02.2020, 15:46
Оқиғалар

Нұртас Адамбай экология бойынша ерікті елші болды

«Сабина келін» енді табиғатты қорғау бойынша бастамаларға мұрындық болады

Нұртас Адамбай экология бойынша ерікті елші болды
фото: министрлік

Танымал режиссер, продюсер Нұртас Адамбай экология бойынша ерікті елші болды. Бұл туралы бүгін қоғам белсенділері мен волонтерлердің қатысуымен алғаш рет Нұр-Сұлтан қаласында өткен республикалық эко-слет кезінде мәлім болды. Режиссерге тиісті сертификатты Экология, геология жəне табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев табыстады.

«Адам баласы қоршаған ортадан тыс өмір сүре алмайды. Егер адам өзін Жердің қожайынымын деп есептесе, қатты қателеседі. Біз Жер бетіндегі қонақпыз, осыны ұмытпауымыз керек. Айналамызға ұқыпты қарайық», - дейді режиссер.

Сондай-ақ продюсер Қазақстанда экология бойынша арнайы ведомствоның құрылуы маңызды қадам екенін айтты.

«Елімізде арнайы министрлік құрылып, ең маңызды мәселеге назар аудара бастады. Айналамыз лас болса, санамыз тазарады деп ойлаудың қажеті жоқ», - дейді Нұртас Адамбай.

Нұртас Адамбай әрбір қазақстандық өз ортасында, отбасында, ұжымында экология жөнінде ерікті елші болу керек деп есептейді.

Экология жөніндегі ерікті елші табиғатты қорғауға бағытталған экологиялық акцияларға мұрындық болатын және қоршаған ортаны қорғауға байланысты белсенді азаматтық позиция танытатын қоғамдық жұмыстармен айналысады.

Танымал азаматтарды ерікті елші ету тәжірибесі Біріккен Ұлттар Ұйымынында да бар. Голливуд жұлдызы, «Оскар» жүлдесінің иегері, танымал актер Леонардо ДиКаприо БҰҰ елшісі, ол жаһандық жылыну, климаттың өзгеруі секілді проблемаларға қатысты үнемі азаматтық көзқарасын білдіреді. Тіпті, осы проблемаларға қатысты арнайы деректі фильмдер де түсіріп үлгерді. 

Серіктес жаңалықтары