ШұғылЖелтоқсан-қаңтар айларында Қазақстанда карантин күшейтілуі мүмкін

Астанада жолаушылар автобусын айдап кеткен жігіт ұсталды

Ол орташа деңгейде мас болған

Фото: видеокадр

Елордада жолаушылар автобусын айдап кеткен 28 жастағы жігіт жауапкершілікке тартылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

3 ақпанда таңғы сағат жетілер шамасында полицияға автобус жүргізушісінен хабарлама түседі. Ол белгісіз ер адамның «MAN SL» автобусын айдап кеткенін айтады.  

Жүргізушінің сөзінше, ол автотұрақта автобусты қыздырып жатқан. Диспетчерлік бөлмеге кірген кезде белгісіз ер адам автобусқа кіріп, көлікті айдап кетіпті.

Алайда жас жігіт алысқа бармай-ақ құқық қорғаушылардың қолына түсті.

«Сағат 07:18-де видеобақылау камераларының көмегімен Республика даңғылы мен Дүкенұлы көшелерінің қиылысында автобусты айдап кеткен 28 жастағы қала тұрғыны ұсталды», - деп хабарлады полициядағылар.  

Медициналық сараптама нәтижесі жігіттің орташа деңгейде мас болғанын көрсеткен.

Бұл факті бойынша қылмыстық кодекстің 200-бабының 1-бөлігі (Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз иеленіп алу (айдап кету) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.