Әлемге танымал әнші 30 жылға түрмеге қамалды
R. Kelly «I Believe I Can Fly» әнінің орындаушысы ретінде кеңінен танымал
Бруклин федералды соты (Нью-Йорк, АҚШ) R&B-орындаушы, Ар Келли (R. Kelly) деген атпен танымал болған Роберт Сильвестер Келлиді көптеген әйелді зорлағаны және кәмелетке толмағандармен қарым-қатынас жасағаны үшін 30 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Reuters агенттігінің жазуынша, өткен жылдың қыркүйегінде Нью-Йорктегі қазылар алқасы музыкантты сексуалдық сипаттағы құқықбұзушылықтар жасағаны үшін кінәлі деп тапқан.
Мемлекеттік айыптаушы тарап әнші өз беделін пайдалана отырып, өзгелерді өзіне бағынуға, сөйтіп өз қалауын, оның ішінде сексуалдық сипаттағы талаптарын орындауға мәжбүрлегенін мәлімдеді.
Музыканттың өз құрбандарын тамақ ішуге немесе дәретханаға баруға рұқсат сұрауға мәжбүрлегені де анықталды. Әншінің зорлығына ұшыраған қыздардың бірі өзін екі күн бойы тамақсыз, сусыз тұтқында ұстап, кейін зорлағанын айтқан.
Әншіге тағылған сегіз айыптың жетеуі Манн заңын, яғни 1910 жылы шыққан «қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін сексуалдық сипаттағы кез келген әрекет үшін» адамдарды штат шекаралары арқылы тасымалдауға тыйым салатын АҚШ федералды заңын бұзуға қатысты болып отыр.
Айта кетсек, R. Kelly «I Believe I Can Fly» әнінің орындаушысы ретінде кеңінен танымал. 1994 жылы ол 15 жасар орындаушы Алия Дана Хьютонға үйленген болатын, бірақ сот оның әйелі, Алия деген атпен танымал бола бастаған әншінің жасына байланысты олардың некесін заңсыз деп таныды. Алия 2001 жылы 22 жасында ұшақ апатынан қайтыс болды.
Ар Келлиге қарсы сексуалдық зорлық жасады деген айыптар 1997 жылдан бері қозғалып келеді. Осыған ұқсас айыптармен әнші 2002, 2003 және 2019 жылдары да қамауға алынған болатын, алайда сот әр жолы оны қамаудан босатып отырды. Әнші бірде-бір фактіге қатысты өз кінәсін мойындамаған.