Жұмыссыз тұрғындар «Маңғыстаумұнайгаз» кен орнына баратын жолды жауып тастады
Наразы топ мұнай саласында жұмыс тауып беруді және кезексіз жұмысқа орналастыруды талап етті
Жетібай және Мұнайшы ауылдарының 30-ға жуық жұмыссыз тұрғыны мұнай саласына жұмысқа алуды талап етіп, «Маңғыстаумұнайгаз» кен орнына баратын жолды жауып тастады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі Lada.kz сайтына сілтеме жасап.
Наразы топ мұнай саласында жұмыс тауып беруді және кезексіз жұмысқа орналастыруды талап етті.
Наразылық білдірушілермен Қарақиян ауданының әкімі, облыстық полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары, аудандық прокуратура өкілдері кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
«Әкімдік өкілдері жиналғандарды жұмысқа қабылдау жалпы кезек бойынша жүргізілетінін жеткізді. Әйтпегенде кезекте тұрған өзге үміткерлерге әділетсіздік жасалатынын жеткізді», - деп хабарлады облыс әкімдігі.
Шенеуніктер жиналғандардан ультиматум қоймауды және сындарлы диалогты басқа жерде жүргізуді сұрап, белсенділердің әрекетінің заңсыз екенін ескертті.
Қарақия ауданында жыл басынан бері 366 жұмыс орны ашылған.
«Қолданыстағы алгоритм аясында жалпы кезек тәртібімен «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ мен қызмет көрсететін мердігер ұйымдарда 143 адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр», - деп сендірді шенеуніктер.
Облыстық жұмыспен қамту орталығында орташа жалақысы 100 мың теңгеден асатын бос жұмыс орындары бар, соған қарамастан жұмыссыздардың басым бөлігі ол орындардан бас тартып, тек мұнай саласына жұмысқа тұруды және өздері үшін жалпы кезекті айналып өтуді талап етіп отыр.
Республикалық тасжолдың бір бөлігі қазір көлік қозғалысы үшін ашық, наразы топ тартылды.