Нұр-Сұлтаннан ұша алмай қалған ресейлік әуе компаниясының рейсі неліктен тоқтатылғаны белгілі болды
Әуе кемесінің экипажы және оның өкілімен белгіленген уақыт ішінде кедендік рәсімдеуге қажетті құжаттар мен мәліметтер ұсынылмаған

«Volga dnepr airlines» компаниясының әуе кемесінің рейсі заң бұзғаны үшін тоқтатылған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
26 маусымда жергілікті уақытпен сағат 13:40-та елорданың «Нұрсұлтан Назарбаев» Халықаралық әуежайында «Volga dnepr airlines» әуе компаниясының Үрімші (ҚХР) – Нұр-Сұлтан – Мәскеу бағытындағы коммерциялық рейісін іске асырып жатқан RA-82074 нөмірлі әуе кемесі тоқтаған. Ол туралы әуежайдың қызметі «Әуежай Астана» кеден бекетінің қызметкерлеріне тез арада хабарлаған.
«Әуе кемесінің экипажы және оның өкілімен белгіленген уақыт ішінде кедендік рәсімдеуге қажетті кедендік құжаттар мен мәліметтер ұсынылмаған. Сондықтан, әуе компаниясына қатысты ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 538-бабымен әкімшілік өндіріс қозғалды. Бұл бұзушылық үшін жиырма айлық есеп көрсеткіш көлемінде айыппұл қаралған. Кедендік заңнамаға сәйкес, тасымалдаушы немесе өзге де белгіленген тұлғалар келуі туралы хабардар еткен кезден бастап кеден органының жұмыс уақытының үш сағаты ішінде көлік құралына кедендік декларацияны тапсыруға міндетті»,-деп мәлімдеді ҚР Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз өкілі.
Әуе компаниясының өкілдері бұзушылықпен келісіп, кінәлілерді әкімшілік жауапкершілікке тарту бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Кінәлілер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, көлік құралына кедендік декларацияны тапсыруға қатысты барлық кедендік операциялар орындалған соң әуе кемесі бірден жіберіледі. Мемлекеттік кірістер комитетінде аталған заң бұзушылық кедендік әкімшілендіру саласындағы кәдімгі әкімшілік құқық бұзушылық екенін ескертіп, саяси астарының жоқ екенін хабарлады.