Павлодар облысында жол-көлік апатынан жолаушы тірідей өртеніп кетті
Қайғылы оқиға 28 маусымда түнде болған
Павлодар облысында жүк көлігіне соғылған жеңіл көліктің жолаушысы көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, қайғылы жол-көлік апаты 28 маусымда сағат 2.05-те болған.
«Ақсу қаласына қарасты Ленинский кентінен 15 км (Спутник станциясы мен Пограничник ауылы арасында) қашықтағы Қызылорда – Павлодар автожолында «Toyota» маркалы жеңіл көлігі қарсы бағытта келе жатқан «КамАЗ» жүк көлігіне соғылған. Жол-көлік апаты салдарынан жеңіл көлік өртеніп кетті. «Toyota» автокөлігінен 36 жастағы жолаушының мәйіті табылды», - делінген ПД хабарламасында.
Сондай-ақ жол апатынан «Toyota» көлігінің 35 жастағы жүргізушісі мен 23 жастағы жолаушысы ауруханаға жатқызылды.
Аталған дерек бойынша сараптама тағайындалып, тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Көлік өрті сағат 2.44-те сөндірілді. Оқиға орнына Төтенше жағдайлар департаментінің 4 қызметкері және 2 бірлік техникасы, «Қалқаман» тас -жолдағы медициналық құтқару пункті жетті.