2018-2021 жылдары WBC қаржы пирамидасына 5,8 млрд теңге тартылған
Алматыда «World Business Consulting» қаржы пирамидасын құру және басқару фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, пирамида ұйымдастырушылары азаматтарға еншілес компаниялардың инвестициялық жобаларына қаражат салуды ұсынған. Сөйтіп компаниялар сыйақыны алуға кепілдік берген.
«2018-2021 жылдары WBC қаржы пирамидасына жалпы сомасы 5,8 млрд теңге тартылды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында жалпы сомасы 4,1 млрд теңгенің мүлкі тәркіленді. Сот үкімімен қаржы пирамидасының жетекшілері кінәлі деп танылып, 5 жылдан 6,8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілді», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, пирамидалық схемасының тағы бес ұйымдастырушысы халықаралық іздеуге жарияланды.
Құзырлы орган өкілдері азаматтарды қырағы болуға және жинақтарын күмәнді қаржы институттарына салмауға шақырады.