Өскеменде «Кальмар ойыны» маскасын киген адам жанармай бекетін тонап кетті

Azattyq Rýhy

Ол кассирді ойыншық тапаншамен қорқытқан

Өскеменде ер адам «Кальмар ойыны» маскасымен жәнен ойыншық тапаншамен жанар-жағармай бекетіне шабуыл жасаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 30 мамырда қалалық полиция басқармасының «102» жедел каналына хабарласқан адам түнде «Кальмар ойыны» сериалының маскасын киген белгісіз ер адамның жанар-жағармай бекетін тонап кеткенін хабарлаған.

«Грейдерная көшесіндегі жанар-жағармай бекетіне маска киіп келген ер адам кассирді тапаншаға ұқсас затпен қорқытып, инкассаторлық сөмкеде болған 2 000 000 теңгеден астам ақшаны ұрлап кеткен. Дереу іздеу жұмыстарына кіріскен криминалдық полицияның жедел қызметкерлері қылмыстың ізін суытпай, 2 сағат ішінде облыс орталығының 40 жастағы тұрғынын анықтап, ұстады», - делінген хабарламада.

Ұрланған ақша ұсталған адамның көлігінен табылған, ал тапанша үйінде тәркіленді, ол ойыншық болып шықты.

«Күдікті сот санкциясымен қамауға алынды, оның әрекеті ҚР ҚК 192-бабы 3-бөлігі - қарақшылық бойынша сараланады. Аталған бап бойынша ол 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін», - деді ШҚО ПД бастығының орынбасары Талғат Шаяхметов.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.