Ауғанстанда зілзаладан қаза тапқандар саны 1 мыңнан асты
Сондай-ақ 1500-ден астам адам жараланып, көптеген ауыл қирап қалған
Ауғанстандағы жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 1 мың адамнан асып кетті. Бұл туралы Пактика провинциясының мәдениет және ақпарат басқармасының басшысы Амин Хужайфа мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Бізде зілзала салдарынан көз жұмғандар саны 1 мыңнан асып кеті және 1500-ден астам адам жараланды. Көптеген ауыл қирап қалды», - деді Хузайфа РИА Новости агенттігіне берген сұхбатында.
АҚШ-тың Геологиялық қызметі Ауғанстанда 6,1 балдық жер сілкінісі болғанын хабарлады. Зілзала ошағы 96 мыңнан астам адам тұратын Хост қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 44 шақырым жерде, шамамен 51 шақырым тереңдікте орналасқан.
Пактика және Хост провинцияларында үлкен шығын болғаны туралы хабарланды.
Талибан* жетекшісі Хайбатулла Ахунзада халықаралық қауымдастық пен гуманитарлық ұйымдарды Ауғанстанға табиғи апаттың салдарын жоюға көмектесуге шақырды.
Бұған дейін аталған жер сілкінісінен кем дегенде 280 адамның қаза тапқанын хабарлаған болатынбыз.
*Қозғалыс лаңкестік әрекеттері үшін БҰҰ санкциясына алынған