Павлодарда мас әжей балаларын үйіне кіргізбей қойған
Бұл туралы полицейлерге қарт әйелдің балалары айтып, көмек сұраған

Павлодарда мас әжей балаларын үйіне кіргізбей қойған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Павлодар облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, бірнеше күн бұрын тәртіп сақшыларына Олжабай батыр көшесінің тұрғындары қоңырау шалып, үйлеріне кіре алмай тұрғандары туралы хабарлаған.
"Олар өз пәтеріне кіре алмай тұрғандарын және әжесі мас күйінде есікті ашпай жатқанын айтты. Келген полицейлер ұзақ келіссөздерден кейін зейнеткермен келісімге келіп, оның балаларын пәтерге кіргізуге көндірді. Сондай – ақ, тәртіп сақшылары мұндай фактілер алдағы уақытта қайталанбауы үшін онымен профилактикалық әңгіме өткізді", - делінген баспасөз хабарламасында.
Сол күні "102" операторына Сәтбаев көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйдің бірінің есік алдында орындықта мас адам жатқанын айтып, қоңырау шалған.
Павлодарлық полицейлер мас адамды уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына жеткізді. Сонымен қатар қоғамдық орында мас күйінде тұрғаны үшін ол 440 ҚР ӘҚБтК әкімшілік жауапкершілікке тартылды.