БҚО-да 16 тонна тұрмыстық техника тиелген жүк көлігі өртеніп кетті
Оқиғадан ешкім зардап шеккен жоқ
Сырым ауданына қарасты Самара – Шымкент тасжолында, Жымпиты ауылынан 30 шақырым қашықта тұрмыстық техника тиелген жүк көлігі өртеніп кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, 20 маусым күні сағат 11.51-де Scania B 715 CB ауыр жүк көлігі жолда келе жатып өртеніп кеткен. Жүргізушінің айтуынша, көлікте шамамен 16 тонна тұрмыстық техника болған.
«1957 жылғы жүргізуші айдаған автокөлік пен тұрмыстық техника тиелген тіркемесінің түгелдей жанып кетті. Жүргізушінің айтуынша, тіркемеге 15-16 тоннадай жүк (теледидар, кондиционер және басқа тұрмыстық техникалар) тиелген. Өрт сөндірушілер жалынды екінші тіркемеге жібермеді.», - делінген ТЖД хабарламасында.
Оқиғадан ешкім зардап шеккен жоқ.
«Қазіргі кезде тауардың иесі, өрттен келген шығын көлемі анықталу үстінде», - делінген хабарламада.
Өрт орнына БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің өрт-зерттеу зертханасы мен қызметкерлері шықты.