Екібастұзда автобуспен баланы соққан жүргізуші сотталды
Жол-көлік оқиғасы салдарынан кәмелетке толмаған баланың денсаулығына ауыр зиян келген
Екібастұзда автобуспен баланы соққан жүргізуші сотталды. Азаматқа қатысты Қалалық сот шешім шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұл туралы облыстық прокуратурасы мәлім етті.
"Екібастұз қалалық соты кәмелетке толмаған жаяу жүргіншіні есірткілік мас күйінде маршруттық автобуспен соққан азаматты 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды. Жол-көлік оқиғасы салдарынан кәмелетке толмаған баланың денсаулығына ауыр зиян келтірілді", - деді прокуратурада.
Сондай-ақ сотта істі қарау барысында жәбірленуші тарап материалдық және моральдік зиянды өтеу туралы азаматтық талап қойды. Алайда, сот талапты қанағаттандырудан бас тартқан.
Екібастұз қаласы прокуратурасының өтінішхаты бойынша облыстық сот апелляциялық сатыда бірінші сатыдағы соттың осы шешімінің күшін жойып, зардап шеккен тараптың материалдық және моральдық зиянды өтеу жөніндегі құқығын қалпына келтірді.