Ақтауда 8 жасар бала менингиттен қайтыс болды
Алайда тиісті орындар баланың нақты неден көз жұмғаны туралы қорытынды жасауға ерте дейді
Ақтауда 8 жасар бала менингиттен қайтыс болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Ақтаудағы Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы бала өлімі дерегін растағанымен, нақты диагнозы туралы қорытынды жасауға асықпай отыр.
Баланың менингиттен қайтыс болғаны туралы ақпаратты алғаш онымен бір үйірмеге барып жүрген оқушылардың ата-аналары жариялаған.
Аталмыш басқарма 2012 жылы туған баланың Мұнайлы ауданында тұрғанын айтты.
«Баланың халі нашарлай бастаған сәтте-ақ ата-анасы оны ауруханаға жеткізген. Алайда ауырғанына бір тәулік өте қоймаған бала кенеттен көз жұмған. Оны вирустық менингитпен ауырды деп біз асығыс қорытынды жасай алмаймыз, себебі, қазір зертханалық тексерулер жүргізіліп жатыр. Оның нәтижесі бірнеше күннен кейін дайын болады», – деді Ақтаудағы Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы басшысы Әсима Жарылғасова.
Тиісті талдау нәтижелері әлі дайын болмағанымен және баланың нақты неден қайтыс болғаны нақтыланбаса да, эпидемиологтар бірден тиісті шараларды қолға алып, баламен қарым-қатынаста болған адамдардың бәрін тексеруден өткізген.
«Ол Ақтаудағы 11 шағынауданда балет мектебіне барып жүрген. Біз баламен бірге болған барлық оқушыны тізім бойынша тексеріп, тиісті талдаудар алдық. Қазіргі кезде бұл жағдай бақылауға алынды», – деді Әсима Жарылғасова.