$ 511.22  540.05  4.73
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
31.01.2020, 02:33
Оқиғалар

Туыстарымен бірге бөлшектеп көмген: Атырауда күйеуін өлтірген әйел сотталды

Әйел күйеуі ұйықтап қалғаннан кейін оны жастықпен тұншықтырып өлтірген

Туыстарымен бірге бөлшектеп көмген: Атырауда күйеуін өлтірген әйел сотталды
Фото: ашық дереккөзден

Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында осыдан жеті жыл бұрын өз күйеуін өлтіріп, денесін туысқандарының көмегімен бөлшектеп көміп тастаған әйелге қатысты іс бойынша үкім шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Ақ Жайық» басылымына сілтеме жасап.

Іс материалдарында әйел күйеуінің тамағына ұйықтататын дәрі қосып, ол ұйықтап қалғаннан кейін жастықпен тұншықтырып өлтіргені айтылады. Содан кейін ол үлкен қызы мен жиенінің көмегімен мәйітті бөлшектеп, үйдің ауласына көміп тастайды. Артынша сол жерге тауық қора салады. Күйеуін сұрағандарға ол  дін жолына түсіп, үйден кетіп қалды деп жауап беріп отырған.

Арада біраз уақыт өткеннен кейін жиені болған оқиғаны құпияда ұстау үшін әйелдерден ақша талап етіп, әйтпесе полицияға хабарлаймын деп қорқыта бастайды. Жиен бала ақша сұрамағанда, қылмыстың қанша уақытқа дейін жасырын күйде қалатыны белгісіз. Әйелдер көп ойланбастан, «бізден ақша сұрап, бопсалады» деп өздерімен сыбайлас болған туысының үстінен арыз береді. Алайда жиен жігіт ұсталғанымен, артынша өздерінің де кісі өлтірген қылмысы жария болады.

Бұдан бір жыл бұрын кісі өлтіру және бопсалау туралы істер жеке-жеке тергелген болатын. Сот алдына алдымен екінші іс түскен. Әйелдерді бопсалаған жігіт ҚР ҚК-нің 194-бабы бойынша кінәлі деп танылып, 5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылған. Бұл ретте оның «өз кінәсін толық мойындап, өкінгені» және «аса ауыр қылмысты ашуға белсенді көмек көрсеткені» ескерілген еді.

Сотта күйеуін әйелдің өзі өлтіргені, ал қызы мен жиені оны бөлшектеуге көмектескені анықталған.

«Қылмыстық жауапкершілікке тартудың мерзімі өткенін ескере отырып, 2019 жылдың қаңтарында оларға қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылды», - деп хабарлаған болатын облыстық соттың баспасөз қызметі.

Ал кісі өлтіруші әйелге қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу әрекеттері тағы бір жылға созылып, тек жақын күндері ғана сот үкімі шықты.

Сот әйелді кінәлі деп танып, 10 жылға бас бостандығынан айырды. Әйел жазасын орта қауіпсіздік мекемесінде (жалпы режимдегі колония) өтейді. 

Серіктес жаңалықтары