Алматы облысында жаяу жүргіншілер жолағында ана мен баланы көлік қағып кете жаздады
Оқиға кеше кешқұрым Алматы облысы Қарасай ауданында болған
Алматы облысында жаяу жүргіншілер жолағымен өтіп бара жатқан ана мен баланы көлік қағып кете жаздады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Әлеуметтік желіден белгілі болғандай, оқиға кеше кешқұрым Алматы облысы Қарасай ауданында болған.
Instagram желісінде жарияланған видеода жеңіл көлікті тізгіндеген жүргізушінің қатты жүйіткіп келе жатқанын аңғару қиын емес. Желі қолданушылары мұндай апатты жағдайдың жиі болатынын жарыса жазып, оған сол аумақта жерүсті өткелінің құрылысы салынып бітпей жатқаны себеп деп отыр.
Алматы облысының Полиция департаментінің өкілдері аталған оқиғаға қатысты Azattyq Ruhy тілшісіне жүргізушінің жауапқа тартылатынын айтты.
«Ережені өрескел бұзған көлік жүргізушісі анықталып, міндетті түрде жауапкершілікке тартылады»,- деп жауап берді департаменттен.