Қырымда ұрланған Lexus Ақтөбеден табылды
Көлік иесі жоғалған "тұлпарын" интернеттегі жарнамадан көріп қалған
2019 жылдың соңында Ресей Федерациясының азаматы Lexus GS300 маркалы автомобилін ұрлатып алған. Полицейлерге үміт артпаса керек, әйел көлікті өз бетімен іздепті. Осылайша ол қазақстандық сайттардың біріндегі жарнамадан жоғалған машинасын көріп қалған деп жазады Polisia.kz порталы. Lexus Ақтөбеде сатылымға шығарылған екен.
Араға бірнеше күн салып Қырым тұрғыны Ақтөбеге келіп, Полиция департаментіне арыз жазған. Полицейлер аталған жарнама бойынша сатушыға клиент ретінде барып, күдіктіні қолға түсірді. Белгілі болғандай, жас жігіт Лексусты өзінің Мерседес-Бенц көлігіне ауыстырған екен. Машинаның ұрланғанынан бейхабар.
Полицейлер Lexus GS300 автокөлігін заңды иесіне қайтарып берді. Қазіргі таңда оны ұрлағандардың кім екенін анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.