Шымкентте майнинг фермасынан 44 млн теңгенің мүлкін тонағандар ұсталды

Azattyq Rýhy

Ұрылар майнингке арналған 46 аппаратты ұрлап кеткен

 

 

Шымкентте майнинг фермасынан 44 млн теңгенің мүлкін тонағандар ұсталды
Фото: gov.kz

Шымкентте майнинг фермаға ұрлыққа түсіп, бірнеше миллионға сан соқтырғандар сотталды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Жеке үй шаруашылықтарында орнатылған майнинг фермалары ұрылардың оңай олжасына айналуда, олар үшін ұрланған заттарды қайта сату немесе оны қымбат бөлшектерге бөлшектеу тиімді болып отыр. Осы мақсатта Шымкент тұрғынынан майнингке арналған 46 аппаратты қарақшылар ұрлап кеткен.

«Жәбірленуші ұрлық жайты бойынша Қаратау аудандық полиция басқармасына арызданған. Шығын сомасы шамамен 44 млн теңгені құрады», - делінген ақпаратта.

Тәртіп сақшыларының анықтауынша, үш азамат криптовалюталарды жинауға арналған жабдықтың орналасқан жері туралы хабардар болып, түнде қоршаудан өте отыра, жеке аумаққа жасырын түрде кірген. Майнерлерді алып, ұрылар қылмыс орнынан «ізін суытқан».

«Бейнебақылау камераларындағы жазбаларды зерделеу барысында полицейлер ұрылардың автокөлігін анықтайды. Жедел-іздестіру жұмыстарының нәтижесінде, күдіктілер қала аумағынан ұсталды. Азаматтардың бірі бұрын осы майнинг фермаға электр қуатын жөндеу үшін барғаны және дәл осы азамат қылмысты жоспарлағаны белгілі болды», - делінген хабарламада.

Күдіктілер өз кінәсін толық мойындап, жәбірленушіге келтірілген залалды өтеген. Үш ер адам ҚР ҚК-нің 188-бабында (Ұрлық) қарастырылған қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, сот үкімімен 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Ал майнинг ферманы жүргізу жайты бойынша материалдарды Қаратау ауданы Полиция басқармасының тергеушілері Экономикалық тергеу департаментіне жіберді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.