Ақтауда кішкентай қызын ұрып өлтірген әйелге сот үкімі шықты

Azattyq Rýhy

Сотта әйелдің қызды бірнеше рет соққыға жыққаны дәлелденді

Ақтауда кішкентай қызын ұрып өлтірген әйелге сот үкімі шықты
Фото: ашық дереккөзден

Ақтауда кішкентай қызын ұрып өлтірген әйел сотталды. Сотта әйелдің қызды бірнеше рет соққыға жыққаны дәлелденді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Ақтау қалалық сотының баспасөз қызметі хабарлағандай, И. есімді әйел ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабының 3-бөлігімен абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін айыпты деп танылды.

«Сотта анықталғандай, 2022 жылдың 4 қаңтарында И. кішкентай қызын ұрып-соғып, күшпен итеріп жібергені, бала қатты соққыдан ішімен үстелдің бұрышына соғылып, гематома пайда болғаны анықталды. 8 қаңтарда И. қатты ашуланып, қызының іш тұсынан тағы да жұдырықпен ұрып, содан соң үйде жалғыз қалдырып, өзі кетіп қалған. Сол күні кәмелетке толмаған Н. ауыр жарақат салдарынан қайтыс болған», - делінген сот хабарламасында.

Сот-медициналық сараптамасының қорытындысына сәйкес, баланың өлімі қатты соққыдан ішкі қан кету салдарынан болған.

Қыздың анасы қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Сот оны сегіз жылға бас бостандығынан айыру жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтеуге үкім шығарды.

 
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.