Павлодарда әскери қызметкердің өліміне байланысты сотқа дейінгі тергеу басталды
Аға сержант А. Тұрсымбаев 5512 әскери бөлімінің саябағында КамАЗ жүк көлігін жөндеп жатқанда қаза тапты
Павлодарда әскери қызметкердің өліміне байланысты құқық қорғау органдары сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын бастады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
ҚР Ұлттық ұланы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі хабарлағандай, 2022 жылдың 12 маусымында сағат 19.15-те келісімшарт бойынша әскери қызметші, аға сержант А. Тұрсымбаев 5512 әскери бөлімінің саябағында КамАЗ әскери жүк көлігінің артқы дөңгелегінің желін үрлеу барысында дөңгелек жарылып, басынан алған жарақат салдарынан мерт болды.
«Қазіргі кезде аталмыш дерек бойынша құқық қорғау органдарымен сотқа дейін тергеу жұмыстары басталды. «Шығыс» ӨңҚ басшылығы аға сержант А.Тұрсымбаевтың туыстары мен жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтады», - делінген хабарламада.
Өзге ақпаратты ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес тергеу аяқталғанша жариялауға тыйым салынған.