$ 503.15  543.3  5.93
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
10.06.2022, 10:41
Оқиғалар

Шымкентте көшеде адасып жүрген бүлдіршін ата-анасына табыс етілді

Ата-анасы баласының көшеге шығып кеткенін білмеген

Шымкентте көшеде адасып жүрген бүлдіршін ата-анасына табыс етілді

Шымкенттік полицейлер көшеде адасып жүрген бүлдіршінді ата-анасына қайтарды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, патрульдік полиция полкінің қызметкерлері Асар шағынауданында әкімшілік аумақты патрульдеу кезінде жол бойында жалғыз өзі адасып, жылап жүрген кішкентай баланы байқаған.

2-3 жас шамасындағы баладан оның ата-анасы қайда екенін сұрағанымен, тілі анық шықпаған балақайдан нақты жауап ала алмайды. Содан мән-жайды анықтап, ата-анасын табу үшін бүлдіршінді өздерімен бірге Қаратау ауданы Полиция басқармасына алып кетеді.

Тәртіп сақшылары адасқан баланың ата-анасын іздеу жұмыстарын жүргізген. Көрген-білгендерден сұрастырып, мұқият тексереді. Шұғыл іс-шара нәтижесінде, екі сағат ішінде полицейлер баланың анасын тауып, оған өзінен адасып қалған балақайын табыстады.

«Күнделікті түрлі жағдайды естіп, балаларымыз үшін алаңдаймыз. Барынша қадағалауға тырысамыз. Алайда бізде осындай күтпеген жағдай болып қалды. Баламыз аулада ойнап жүріп, ашық тұрған есіктен көшеге шығып кетіпті. Үйде ешкім байқамапты. Содан дауысы шықпай, аулада көрінбей қалғанда іздей бастадық. Өзімді қоярға жер таппай шарасыз отырғанымда, полицейлер хабарласып баламды тапқанын айтқанда шынайы риза болдым. Полиция қызметкерлеріне мың алғыс айтамын», – деді бүлдіршіннің анасы.

Тәртіп сақшылары баланың ата-анасымен профилактикалық жұмыстарды жүргізді.

Серіктес жаңалықтары