$ 510.78  576.06  6.35
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
10.06.2022, 11:38
Оқиғалар

Алматы облысында бұрын сотталған жігіт ерлі-зайыптыға оқ атқан

24 жастағы талдықорғандық тұрғынның үстінен қылмыстық іс қозғалды

Алматы облысында бұрын сотталған жігіт ерлі-зайыптыға оқ атқан
Фото: Алматы облыстық ПД

Алматы облысында ерлі-зайыптыға оқ атқан 24 жастағы талдықорғандық тұрғын ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Облыстық полиция департаментінің дерегінше, оқиға 8 маусымда Ескелді ауданының Қоңыр ауылында тіркелген. Жас жігіттің 34 жастағы жергілікті тұрғынмен және оның әйелімен жанжалдасқаны анықталды. Ауызша кикілжіңнің соңы төбелеске ұласқан. Сол кезде күдікті өзінің Mitsubishi Pajero автокөлігінде алып жүрген 12 калибрлі аңшылық мылтығымен ерлі-зайыптыларға оқ атқан.

Оқ жарақатынан зардап шеккендер Талдықорған ауруханаларының біріне жатқызылды.

«Күдікті жоғары жылдамдықпен ауыл көшесінің шаңын аспанға көтере жүріп өтіп, жергілікті тұрғындардың наразылығын туғызды. Онымен қоймай, қатты ашуға булыққан ол ерлі-зайыптылармен жанжалдасып, қол көтерген, артынша оларға қарсы атыс қаруын қолданған. Соның салдарынан 34 жастағы ер адам мен 31 жастағы әйел жарақат алды. Екеуі де ауруханаға жеткізілді. Қылмыстық тергеу ҚР ҚК 24 - бабын қолданумен 99-бабы бойынша, яғни «Адам өлтіруге оқталу» бойынша жүргізілуде», - деп хабарлады Ескелді ауданының полициясы.

Бұрын ұрлық жасағаны үшін үш рет сотталған күдікті қамауға алынды. Аталған факт бойынша қажетті сараптамалар тағайындалды. Аңшылық мылтық тәркіленіп, заттай дәлел ретінде қылмыстық іс материалдарына тіркелді.

Серіктес жаңалықтары