«Үйге қалай барамын?»: Маңғыстаудан елордаға әділдік іздеп келгендер далада түнеп жүр
Алаяқтарға алданып қалған бес азамат құзырлы органдардың жайбасарлығына күйінеді
Елордаға Маңғыстаудан әділдік іздеп келгендер далада түнеп жүр. Олар бес күннен бері суық тастың үстінде жатып, ыстық тамақты ұмытқан. Алаяқтарға алданып қалған бес азамат құзырлы органдардың жайбасарлығына күйінеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Бұл бесеу бірін-бірі танымайды. Бірақ бастан өткерген оқиғалары – бірдей. Бір топ алаяқ олардың сеніміне кіріп, соңғы үлгідегі көліктерді екінші деңгейлі банктер арқылы рәсімдеп, оны қысқа мерзімде өтеуге уәде берген. Машинаның бастапқы 30 пайыздық жарнасын да төлепті. Аңқау азаматтар «сенімді адам ғой» деп, құжаттарды оқымай, қолын қояды. Сол қызметі үшін тіпті 200 мыңнан 500 мың теңгеге дейін сыйақы алған. Содан соң әккі қулар несиенің екі айын төлейді, де келесі айында ғайып болады.
Автокөліктерді алаяқтар үшінші тұлғаларға төмен бағада сатып отырған. Бүгінгі күні сан соғып қалған жәбірленушілердің банк шоты бұғаттаулы. Ал несиенің өсімақысы күн санап өсуде. Астанаға әділдік іздеп келген бес азамат мәселесі шешілгенше, түней бермек. Өйткені Маңғыстау жақта олардың шағымын тыңдар ешкім жоқ.
Маңғыстау облысының полиция департаменті бұлардың жайын жақсы біледі. Қылмыстық іс қозғалған. Полицейлер заңсыз жолмен келген көліктердің кейбірін вин-код арқылы тапқан. 16 автокөлік Ақтау қаласының айып тұрағына жабылыпты. Үш күдікті қамауда отыр.
Елде 189 жәбірленуші осындай алаяқтардың құрығына ілінген.
«Атыма 16 миллион теңге рәсімдеді. «Каспи голдпен» 5 миллион 600 мың теңгені менің телефоныма аударып жіберіпті. Машина табылсын, кредитіміз жабылсын! Айлықтан айлыққа, зорға күн көріп отырған адаммын. Тек 10 мың теңгеге азық-түлік аламын. Отырмын осы жерде. Аяғына дейін барамын. Не істеймін енді? 20 миллионды мойныма алдым, мысалы. Мен қалай үйге барамын?», - дейді амалы қалмаған жәбірленуші Бақтыгүл Ғалиева.