Қостанайда қыздарды секс-құлдыққа салған қылмыскерлер сотталды
Қылмыстық топ 21 бойжеткенді 5 жыл бойы жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген
Қостанайда жас қыздарды жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлегендер жазаға тартылды. Бірнеше бап бойынша айыпталған олар 14-15 жылға сотталды, деп хабарлайды Астана телеарнасы
Ұйымдасқан топ 5 жыл бойы 21 бойжеткенді секс-құлдықта ұстаған. Жәбірленушілер арасында жетім қыздар да бар.
Ауыр қылмыс жасаған ағайын-туыс алты адамды Денис Шакмаев басқарған. Арасында Кристина Аскарова деген әйел де бар. Ұйымдасқан топ қылмыстық жоспарын 2013 жылдан бастап жүзеге асыра бастаған. Түрлі жолмен материалдық жағдайы төмен қыздарды арбауына түсіріп келген.Бастапқыда бойжеткендерді кафеге шақырып, ішімдік ішкізіп, кейін пәтерге апарып үркітіп-қорқытып жезөкшелікке мәжбүрлеген.
«Шакмаев және топ мүшелері бір-бірімен туыс-жекжат.Олар олжаға кенелу мақсатында осындай қылмыс жасауға уағдаласқан. Діттеген мақсаттарына жету үшін бойжеткендерді пәтеріне алдап апарып, заңсыз бас бостандығынан айырып арам ойларын жүзеге асырған»,- дейді Облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Жасұлан Асылбеков.
Қылмыстық топ құрыққа іліккен қыздарды әуелі өз еркімен жезөкшелікпен айналысуға көндірген. Көнбегендерін ұрып-соғып, мәжбүрлепті. Қашпақ болғандарды қатаң жазалаған. Ұйымдасқан топ 2018 жылы ұсталды. Жабық түрде қаралған сот процессі 7 айға созылды. Судья олардың бір-біріне туыс екенін мәлімдеді. Сот үкімімен Денис Шакмаев 15 жылға, қалғандары 14 және 14 жыл жарым жылға бас бостандықтарынан айрылды. Сотталушылар үкіммен келіспейтінін білдірді.