Түркістан облысында аптап ыстықтан ақылы жол жарылып кетті
Жолдың көтеріліп кеткен бөлігі алынып тасталды
Түркістан облысында аптап ыстықтан ақылы жол жарылып кетті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
"ҚазАвтоЖол" мәліметінше, 8 маусымда сағат 17.00 шамасында Түркістан облысындағы Төрткөл ауылы маңындағы Қызылорда-Шымкент ақылы жол учаскесінде ауа температурасының жоғарылауына (+40-45 С) байланысты жолдың цементті бетон тақтасы көтеріліп кеткен.
"Жолдың көтеріліп кеткен бөлігі алынып тасталды. Мердігер «ШымкентЖолҚұрылыс» ЖШС қиыршықтас-құм төсеп, асфальт жабындысын жауып, жолды уақытша қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді. Жол жөндеу жұмыстарына 10 адам мен 5 техника (3 самосвал, 1 тиегіш, 1 гидравликалық балға) жұмылдырылды", - делінген хабарламада.
Жолдың аталған бөлігіне жылдамдықты шектеу, жол бөлігінің тарылуы сияқты ескерту белгілері орнатылды. Жол учаскесіне Түркістан облысы ПД патрульдік көліктері қойылды.