ШұғылҚазақстанда тағы 716 адамнан коронавирус анықталды

Кісі өлімі: неге қылмыскерлердің бірі 10, екіншісі 1,5 жылға сотталды?

Марқұмның әйелі сот шешімімен келіспей, аппеляциялық шағым түсіреміз деп отыр 

Петропавлда жас қызды қорғамақ болып өзі мерт болған Александр Трубниковті өлтіргендерге қатысты сот үкімі шықты. Қылмыскерлердің бірі 10 жылға сотталса, екіншісі 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айрылды. Марқұмның әйелі судья Сәуле Литфуллинаның шығарған шешімімен келіспей отыр. Ол әділдікке қол жеткізу үшін аппеляциялық шағым түсірмек, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Сотталғандардың бірі - полицияның бұрынғы қызметкері. Ол қайғылы жағдайдан бір күн бұрын өз арызы бойынша жұмыстан босатылған. Екіншісі – жұмыссыз. Оқыс оқиға өткен жылы тамыздың 3-нен 4-не қараған түні тіркелген еді. Қылмыстық іс материалдарына сүйенсек, Қажымұрат Аюп пен Әкімбай Сәдібеков көңіл көтермек мақсатта облыс орталығындағы «Блюз» мейрамханасына барады. Спирттік ішімдік ішеді. Марқұм Александр Трубников та аталған мейрамханада болған. Масайып қалған екі дос билеп жатқан бейтаныс қыздардың ортасына қосылады. Аюп бойжеткендердің бірін құшақтай бастайды. Қыз қарсылық танытады. Оны байқаған Александр бойжеткенді қорғау мақсатында екеуі бірге жүргенін айтады. Біршама уақыт өткеннен кейін Трубниковтың өтірік айтқанын түсінген Қажымұрат Аюп Александрды жұлқылай бастаса, екінші жағынан Әкімбай Сәдібеков күш көрсетеді. Одан кейін екі дос Трубниковқа сыртта сөйлесуге ұсыныс жасайды. Ол бас тартады. Қарсылықты қабылдамаған Аюп пен Сәдібеков жігітті далаға күштеп сүйреп шығарады. Кафеден шығар-шықпаста Сәдібеков марқұмды бас жағынан екі рет бар күшімен жұдырықтайды. Жігіт есеңгіреп, өзін қорғай алмай қалады. Табалдырықта тұрған басбұзарлар өз әрекеттерінің камераға түсіп жатқанын аңғарып, Александрды сыртқа қарай тағы да сүйрей жөнеледі. Қараңғы жерге апарып Аюп марқұмды тағы да бірнеше рет бастан ұрады. Ес-түссіз қалған Александрды далада қалдырып, өздері қайтадан кафеге барады.

Төбелесті көрген қыздар полиция мен жедел жәрдем қызметін шақырады. Мамандар жапа шегушінің көз жұмғанын айтады. Александр дәрігерлер келгенге дейін дүние салған. Сот-медициналық сараптама марқұмның басы мен миына тиген қатты соққыдан қайтыс болғанын көрсетеді. Денесінің басқа жерлері де жарақаттанған. Марқұмның артында әйелі мен 3 жасар қызы қалды.

«Күзетші сотта екінші қабаттан қыздың айқайлаған даусы шыққанын естіп, жоғарыға көтерілмек болғанын, алайда екі жігіттің Александрды сүйреп әкеле жатқанын көргенін айтты. Бақылау камерасына түсіп қалған кадрларда оның қатты мас болғаны көрініп тұр. Сотталушылардың бірі оны ұстап тұрған. Саша сыртқа шыққысы келмеді. Алайда қанішерлер оны сүйреп әкетті. Мен ол кезде баламен ауруханада жатқан едім. Күйеуімнің қайтыс болғанын жалдап тұрып жатқан пәтердің қожайыны айтты» - дейді марқұмның жесірі.

Сотталушылар ҚР Қылмыстық кодексінің 2 бабы бойынша тергелді. Петропавл қалалық сотының шешімі бойынша Қажымұрат Аюп 10 жылға сотталса, Әкімбай Сәдібеков 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айрылды.

«Әкімбай Сәдібеков ҚР Қылмыстық кодексінің 293 бабының бірінші бөлігі яғни, «бұзақылық, қоғамдық тәртіпті сақтамау, азаматтарға күш қолдану, сол сияқты бөтеннiң мүлкiн жоюмен немесе бүлдiру бойынша айыпты» деп танылды. Ал адам денсаулығына қасақана зиян келтіру салдарынан өлімге әкелу, яғни, 106 бап бойынша толық ақталды. Себебі қылмыстық құқықбұзушылық толық дәлелденбеді», - дейді Петропавл қалалық сотының судьясы Сәуле  Литфуллина.

Марқұмның әйелі Виктория Трубникова сот шешімімен келіспейтіндігін жеткізді. Ол  Әкімбай Сәдібековке  тым жеңіл жаза  тағайындалғандығын айтады.

«Қажымұрат Аюп лайықты жазасын алды. Мен онымен келісемін. Дегенімізге жеттік. Ал, Әкімбай Сәдібековке сот жеңілдетілген жаза тағайындады. Неге? Қылмысты бірге жасады ғой. Енді біз аппеляциялық шағым түсіретін боламыз», - дейді ол.

Александр Трубниковтың өлімінен кейін оның әкесі де дүние салған. Виктория қайын атасының қайғыны көтере алмағандығын айтады.

«Атамның жүрегі шыдамады. Зиратқа күнде баратын. Бөлек өмір сүрсе де, бір-бірімен жиі хабарласып, сөйлесіп тұратын. Әкесі бұған дейін инсульт алды. Саша оған күн сайын баратын. Біз 2014 жылы танысып едік. Әскерден келген кезі. 2015 жылдың қарашасында шаңырақ көтердік. Бір жылдан кейін қызымыз дүниеге келді. Қызымның әкесін енді көре алмайтыны өзегімді өртейді. Көшеде кетіп бара жатқан адамдарды көрсетіп, «мынау менің әкем емес пе?» дегенде жүрегім қақ айрылғандай болады. Мен де қызымның жанында көп бола алмаймын. Сеебі жұмыс ісеу керек, баланы асырап, жеткізу керек», - дейді Виктория көзіне жас алып.

Сот сондай-ақ жесірдің азаматтық арызын қарастырды. Ол қылмыскерден марқұмды жерлеуге және адвокат жалдауға кеткен 5 миллион теңге шығынды өндіріп алу жөнінде арызданған. Заң өкілінің шешіміне сай, Аюп 3 миллион теңге өтемақы төлеуге міндеттелді.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО