Қылмыстық топтардан қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қару-жарақ тәркіленді

ҰҚК заңсыз айналымнан 61 қару, 13 граната және 1170 оқ-дәрі тәркіледі

Қылмыстық топтардан қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қару-жарақ тәркіленді

ҰҚК және оның аумақтық департаменттері сәуір-мамыр айларында заңсыз айналымнан, оның ішінде Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қаруды іздеу және алу бойынша жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алматы облысында «Байкал» тапаншасы, 2 мылтық, 10 граната және әр-түрлі калибрлі 104 оқ жасырылған орын табылды. Жаппай тәртіпсіздікке қатысушылардан 3 бірлік қару мен 109 оқ-дәрі тәркіленді.

«Аймақта қылмыстық топтың өкілі «Макаров» тапаншасын сату кезінде ұсталды. Қаңтар оқиғасы кезінде Талдықорған қалалық полиция басқармасынан ұрланған тағы бір тапанша ұсталған азаматтың тұрғылықты жерінен тәркіленді», - делінген ҚР ҰҚК баспасөз хабарламасында.

Сондай-ақ Алматы қаласында жаппай тәртіпсіздікке қатысушыларды, соның ішінде Президент резиденциясына шабуыл жасағандарды ұстау барысында «Глок» маркалы тапанша мен 29 оқ және 3 тегіс ұңғылы мылтық тәркіленді.

«Тергеудегі «Қазақстандық» деп аталатын ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелері өз еркімен 39 бірлік қару, 1 дауыстық граната, 1 броньды сауыт және 98 оқ тапсырды.

Полиция органдары «Қорған» аңшылық дүкенінен қару ұрлауға қатысы бар өңірдің тұрғындарын ұстады. Тінту барысында олардың тұрғылықты жері бойынша оптикалық нысана, тегіс ұңғылы оқпен жабдықтауға арналған станок, сондай-ақ «ASG» страйкболға арналған мылтық алынды», - делінген ҰҚК хабарламасында.

Жамбыл облысында «Калашников» автоматы, револьвер, «Сайга» карабині және 328 оқ-дәрі жасырылған орын табылды.

Қызылорда облысында «Калашников» автоматы, «Макаров» тапаншасы, «Борз» тапанша-пулеметі, «Сайга» карабині, «Ф-1» гранатасы және 59 оқ-дәрі жасырылған орындар анықталды.

Шығыс Қазақстан облысында Полиция департаментімен бірге жасырын жерден 1 шолақ мылтық, 1 «РГ-42» гранатасы, 168 оқ-дәрі және 1 броньды сауыт алынды.

Түркістан облысында полиция органдарымен бірге «Мосина» маркалы мылтық тәркіленді.

«Заңсыз айналымнан барлығы 61 қару, 13 граната және 1170 оқ-дәрі тәркіленді. Аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», - делінген хабарламада.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.