СҚО-да бір апта бұрын жоғалған ер адамның денесі табылды

Azattyq Rýhy

Қазір марқұмның өзенге не үшін барғаны анықталып жатыр

 
СҚО-да бір апта бұрын жоғалған ер адамның денесі табылды
Фото: ашық дереккөзден

Солтүстік Қазақстан облысында құтқарушылар бір апта бұрын жоғалып кеткен ер адамның денесін судан алып шықты,деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

СҚО төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Марат Мұратов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ер адамның денесі су бетіне шығып қалғанын айтты.

«Ол жерде Есіл өзенінің тереңдігі 4 метрге дейін жетеді, енді 800 метр шамасында. Ағыс оқиға болған жерден 8 шақырымға алып кеткен, яғни жағада көлігі қалған жерден 8 шақырым қашықтан табылды. Қазір марқұмның өзенге не үшін барғаны анықталып жатыр», - деді Марат Мұратов.

Естеріңізге салайық, елулер шамасындағы ер адам 25 маусым күні Есіл ауданы Покровка елдімекені маңындағы Есіл өзенінде жоғалған еді. Қайыққа мініп, өзенге шыққан ол құлап кеткен. Тек бір аптадан кейін ғана марқұмның денесі табылды. Марат Мұратовтың айтуынша, биыл өңірде 12 көл мен Есіл өзенінде суға шомылуға арналған 58 орын әзірленді. Қазіргі уақытта ол жерлер әзірленіп жатыр.

«Тұрғындарды, демалушыларды суда қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырамыз. Арнайы жарақтандырылмаған жерлерде, мас күйде суға түспеңіздер. Балаларды су шомылуға жалғыз жібермеңіздер, үнемі көз алдарыңызда болсын. Былтыр 22 адам, соның ішінде, 6 бала суға кетті», - дейді басқарма басшысы.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.