$ 518.57  566.59  6.05
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Жаңаарқада жаңа салынған үй құлап жатыр: әкімдік құрылысты уақытша тоқтатты

Желіде тараған видеодан кейін шенеуніктер құрылыс нысанына барып, жағдайды көріп қайтқан

 

«Жаңаарқа ауданында жаңадан салынып жатқан үйдің кірпішін кез келген адам жалаңаш қолымен қайта бұза алады». Осылай деп дабыл қаққан тұрғындар үйдің сапасын видеоға түсіріп, жергілікті журналистерге жолдаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Видеода көрініп тұрғандай, Жаңарқаның жаңа ауданында көпқабатты кірпіш үйлер салынып жатыр. Алайда жаңа деген аты болмаса, үйдің сапасы сын көтермейді. Халық кірпіштің цементсіз қаланып жатқанын, жаңа үйді бұзу үшін техника емес, жалаңаш қол да жеткілікті екенін айтқан.

Резонанс тудырған видеодан кейін жергілікті шенеуніктер оқиға орнына барған.

«Көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын тексеру бойынша аудан әкімдігінің жанынан арнайы комиссия құрылды. Аудан әкімінің орынбасары Айқын Елеусізов, құрылыс бөлімінің басшысы Тоқсан Бабасов, аудан прокурорының көмекшісі Мақсат Балташев, қоғамдық кеңесінің мүшесі Рабани Нұркеев, «Аманат» партиясының хатшысы, аудандық депутат Өмірзақ Уалиев, сондай-ақ аудан тұрғыны Алмас Қайранбеков барып тексерді», - деп хабарлайды Жаңаарқа ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Дереккөзге сүйенсек, нысан басында бас мердігер, техникалық қадағалау мамандары болмағандықтан, алдағы уақытта соларды шақырып, тағы кездесу ұйымдастыру туралы шешім қабылданды.

«Құрылыс басында жүрген жауапты тұлғаға құрылысты уақытша тоқтату туралы тапсырма берілді», - делінен хабарламада.

Azattyq Rýhy құрылысқа жұмсалған қаражат пен тендерді жеңіп алған компания туралы қосымша материал әзірлейді.

Серіктес жаңалықтары