Петропавл әкімі үйқамаққа алынғаны туралы қауесетті жоққа шығарды
Бұл қауесетті қала әкімінің орынбасары Асқар Хабибуллин де терістеді

Петропавлда «қала әкімі Болат Жұмабеков үйқамаққа алынды» деген қауесет тарады. Алайда қала басшысы біраздан бері неге көрінбей кеткеніне қатысты түсінік берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Болат Жұмабековтің өзі қызметінен кеткені туралы қауесетті жоққа шығарды.
«Соңғы 4 жыл ішінде мен 20 күндік демалыста болдым. Нақты қала әкімі лауазымында - 5-6 күн. Себептері белгілі: пандемия, шектеу шаралары, карантин. Бәрімізге жаңа жағдайда жұмыс істеуге тура келді! Блок бекеттер, қаланың жабылуы, көлік пен қала тұрғындарының қозғалысын шектеу және т.б. Әрине, бұл уақытта демалыс туралы сөз айту мүмкін болмады. Қазіргі уақытта мен демалыста жүрмін», - деп жазды Б. Жұмабеков Facebook-парақшасында.
Бұл қауесетті қала әкімінің орынбасары Асқар Хабибуллин де терістеді.
«Петропавл әкімдігі облыс орталығы басшысының үйқамаққа алынғаны туралы ақпаратты жоққа шығарады. Біз де әкім қызметінен босатылды деген ақпаратты жоққа шығарамыз», - деп жазды Хабибуллин жергілікті БАҚ журналистерінің чатында.
Ол әкімнің демалысы 6 маусымға дейін жалғасатынын нақтылады.