$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
30.05.2022, 10:03
Оқиғалар

Түркістан облысында медицина қызметкерлерін 32 млн теңгеге бопсалағандар анықталды

Криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілдері мен ҰҚКД қызметкерлері қылмыстық топ мүшелерін қолға түсірді

 

Түркістан облысында медицина қызметкерлерін 32 млн теңгеге бопсалағандар анықталды

Түркістан облысында медицина мекемелерінің қызметкерлерін 32 млн теңгеге бопсалаған күдіктілер ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Түркістан облысы ПД Криминалдық полиция басқармасы, Түркістан облысы бойынша ҰҚКД қызметкерлері бірлесіп жүргізген операция нәтижесінде қылмыстық топтың жолына тосқауыл қойылды.

Нақтырақ айтсақ, күдіктілер жүйелі түрде Мақтаарал және Жетісай аудандарында орналасқан медицина мекемелерінің қызметкерлерінен, олардың қаржылық қызметі туралы мәліметтерін таратып, жала жауып, оны жариялаймыз деп қорқыта отырып, ақша бопсалаумен айналысқан.

«Бізге, Криминалдық полиция басқармасына медицина мекемесінің бірінің қызметкері шағымданды. Оның айтуынша, белгісіз біреулер жалған мәліметтерді таратып жариялаймыз, сондай-ақ бақылаушы органдардың жоспардан тыс тексерулерін ұйымдастырамыз деп бопсалап, 32 миллион теңге талап еткен. Аталған жайт біздің полицейлермен бірден ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабы 4- бөлігі «Аса ірі мөлшердегі бопсалау» бойынша СДТБТ-ға тіркеуге алынды», - деді Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Құрманбек Сахов.

Қылмыстық топты ұстау және қылмысты ашу мақсатында Түркістан облысы бойынша ПД КПБ мен ҚР ҰҚКД қызметкерлерінен арнайы топ құрылып, кезек күттірмейтін кешенді тергеу жұмыстары жүргізілді.  

«Жедел-іздестіру іс-шаралары кезінде Жетісай қаласындағы кафелердің бірінде ірі көлемде ақша бопсалап, алып жатқан Жетісай қаласының тұрғынын, яғни күдіктіні ұстады. Ұсталған адамнан айғақты зат ретінде 32 млн теңге көлемінде ақша тәркіледік.

Бұдан әрі Шымкент қаласындағы мекемелердің бірінің жанындағы тергеу әрекеттерінің нәтижесінде ТО ПД Криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілдері, ҰҚКД қызметкерлері және Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ бірлесіп, екінші күдікті, Мақтаарал ауданының тұрғынын ұстадық. Бүгінде күдікті екеу уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазіргі уақытта ұсталғандарға қатысты қажетті жедел-тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», - деп түйіндеді ТО ПД бастығының орынбасары Қ.Сахов.

Серіктес жаңалықтары